Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Қойдың жүнін жинау және оны өңдеу ісінде қиындық жоқ. Өңірлерден жиналатын шикізат жетерлік. Мамандар да бар. Басты мәселе – өндірген тауардың сатылуында, – деп бастады әңгімесін “Петропавл – қой жүнін өңдеу” ЖШС-нің басшысы Хансейіт Әнетов.
Аталмыш кәсіпорын – өңірімізде пима мен киіз басатын жалғыз өндіріс орны. Серіктестік бір жылда 500-600 тоннаға жуық қой жүнін қабылдап, оны іске жаратуға қауқарлы. Бірақ бүгінгі өндірістің қуаттылығы осының жартысынан аспай отыр. Фабриканың қоймасына бас сұққанымызда ондағы үйіліп жатқан өнімдерді көрген мені “Пима бүгінде керексіз бұйым болып қалғаны ма?” деген сауал мазалады. Одан әрі өндірістің ішін аралаған кезде “40-қа жуық еңбеккері мен үлкен өндіріс аумағы бар кәсіпорын неге екі түрлі ғана өнім шығарумен айналысып отыр?” деп ойладым. Бұл мәселелердің шешілмей отырғанын кәсіпорын басшысы тауар айналымының төмендігіне әкеліп тіреді.
– Бұл қиындықты біз екінші жыл бастан өткеріп отырмыз. Өндірісті тоқтатқанымыз жоқ, ал тауарлар өтпей жатыр. Осыған дейін Ресей нарығымен тығыз байланыста болған едік. Кеден одағы үш мемлекет арасындағы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты нығайту деп түсінсек, бұл жоспар біз үшін жүзеге аспай отыр. Өйткені, бізге белгісіз себептермен ресейліктер осыған дейін қалыптастырған байланысты үзіп тастады, – дейді Хансейіт Жұмашұлы.
Қазақстан аумағында қой жүнінен жасалған бұйымдардың сатылу мөлшері төмен. Оның үстіне елімізде осы саламен айналысатын бес бірдей ірі фабрика бар. Тұтынушысы аз тауар үшін бұл – қажеттіліктен жоғары көрсеткіш. Мамандардың айтуынша, бұл саланың шешімді жолы – экспортты ұлғайту. Десек те, жаһандық дағдарыстың әсері ме, әлде жеңіл өнеркәсіптің даму бағытының өзгергендігі ме, шетелдіктер бізден тауар тасымақ түгіл, шикізатты алу үдерісін азайтқан.
– Өткен жылы біз 30 мың жұп ғана пима өткізе алдық. Өзіміздің ішкі нарығымызды билей алмай отырмыз. Алысқа бармай-ақ Петропавлдағы орталық базарды алайық. Оның іші толған ресейлік және қытайлық аяқкиімдер. Неге? Қаншама өнімдер заңсыз тәсілмен әкелініп жатыр, – дейді өз ортасын бақылап жүрген Хансейіт Жұмашұлы.
Мұндай жайттардың өндіріске кесірі тиетінін ашына айтқан кәсіпкердің сөзіне жүгінсек, өңіріміздегі кәсіпкерлік пен сауда-саттықты қадағалаушы органдар сол базарларда заңға қайшы сауда жасап тұрғандардың құжаттарын тексеруден гөрі жергілікті тауар өндірушілерді қисынсыз мазалай беретініне налиды.
Осы жердегі сауда-саттықтың мәнін түсініп алу үшін тауарлардың сапасы туралы сөз қозғаудың реті келген сыңайлы. Айтар болсақ, сапа жағынан біздің тауар өндірушілердің өнімдері жоғары бағаланады. Мұны базарда тұрған саудагерлер мен тұтынушылар да мойындайды.
– Ресейліктер пимаға синтетикалық талшықтарды көп қосады. Олардың бұйымдары 30-35 пайыз қосындыдан жасалады. Ал біз өнімдерді 100 пайыз жүннен жасаймыз. Сондықтан біздің өнімдер импорт тауарларға қарағанда қымбат. Оның үстіне заңсыз тәсілдермен жеткізілген тауарлардың арзан болатыны да белгілі. Ал біз оларға қарап бағаны түсіре алмаймыз. Тауарлардың сәні мен түрлерін жақсартайық десек, бүгінгі өндірген өнімдеріміздің сатылу мөлшері аз. Заманауи құрал-жабдықтарды несиеге алып, жаңаша жұмыс істеуге шамамыз жетеді. Бірақ 17 миллион халқы бар Қазақстанда ойдағыдай тауар айналымы бола ма? Сондықтан біздің тұтынушыларымыз шетелдерде көп болуы керек. Сонда ғана жағдайымыз түзеледі. Сондай-ақ біз сияқты кәсіпорындар мемлекеттік тендерге жиі жалтақтауға айналды. Былтыр біз Қорғаныс министрлігінен тапсырыс алып, қосымша 5 мың жұп пима өткізе алған едік. Биыл да үміттеніп отырмыз, – дейді Хансейіт Әнетов.
Табиғи шикізатпен жұмыс істейтін кәсіпорын өз шығынын өтеу үшін тауарларын қымбат бағамен сатуға мәжбүр.
– Осыдан 2-3 жыл бұрын ресейліктер біздің сапалы өнімді бағалап, тауарларымызды қымбат бағасына қарамай алатынды. Ал біз олардың тапсырыстарын орындау үшін қайнаған еңбектің ортасында қалатынбыз. Өндірген өнімдеріміздің жартысы сол жаққа жөнелтілетін. Бүгінде ресейліктермен қайтадан келіссөз жүргізіп жатырмыз. Тұрақты тұтынушыларымызды қайтарамыз деген үміттеміз, – дейді кәсіпорынның өзекті мәселесін шешуді армандайтын басшы.
Аталмыш серіктестік басшысының түн ұйқысын бөліп жүрген тағы бір мәселесі – қол астындағы жұмысшылары. Өзінің бұрыннан істеп келе жатқан байырғы еңбеккерлері өндірістен кетіп қалмауы үшін олардың айлықтарын уақтылы беруге тырысады. Себебі, отбасысын асырап отырған адамдар табыссыз жүре алмайды. Мұндағы орташа еңбекақы мөлшері – 75 мың теңге. Ал кейбір ауыр цехта жұмыс істейтіндер 150 мың теңгеге дейін жалақы алады.
– Қыс ортасы болып қалды. Осыдан тамыз, қыркүйекке дейін тауарларды сату төмендейді. Ал адамдарды жұмыс жоқ деп таратып жіберсем, ертеңгі күні қайта жинап алу оңайға түспейді. Сондықтан кәсіпорында тапсырыс аз болса да, жоқ болса да, еңбеккерлерді жұмыс басында ұстауға тырысамын. Тауар өтпесе, жалақыларын төлеу үшін несие алып та күнелтеміз, – дейді басшы.
Ал қой өсіріп, оның өнімдерінен пайда көруді көздеген ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің құлағына алтын сырға дей отырып, бұл кәсіпорынның жүн жинайтынын естеріне сала кеткім келеді. Бірақ олар аудан-ауданды өздері аралап, жинайды. Олармен тасымал барысында жұмыс істейтіндер – жекелеген адамдар. Жүнді тікелей өзі әкеліп өткіземін деушілерге де кәсіпорынның есігі ашық.
Сондай-ақ серіктестік оңтүстік, шығыс және батыс өңірлерден де шикізат тасуға мәжбүр. Өйткені, біздің өңірдегі қой жүні майлы болып келеді де, өндірісте оны өңдеу қиынға соғады. Майлы жүн тарағыштарды күс қылып жібереді. Ал оны жиі тазалау үлкен әлекке салады. Сондықтан басқа өңірлерден әкелінген шайыры аз жүн бұл мәселенің шешімді жолы болып табылады. Алайда, кәсіпорын басшысының айтуынша, облыс аумағынан жылына 50 тоннадан асар-аспас қана жүн жиналады. Мұның себебі жүн тапсыруды жұрттың барлығы бірдей қолға алмай отырғандығында сияқты. Ал кәсіпорын басшысы ауыл тұрғындары қалаға келген кезде жол-жөнекей 1-2 килограмм қой жүнін ала келсе де, беттерінен қақпайтынын жеткізді. Жүннің килограмы – 50 теңге.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.