Сот сараптамасы – сарапшының зерттеуінен және шешілуі арнайы білімді қажет ететін мәселелер жөніндегі қорытынды беруден тұратын процессуалдық әрекет. Заңдылық, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғаның құқықтарын сақтау, сондай-ақ сарапшының тәуелсіздігі, ғылым мен техниканың осызаманғы жетістіктерін пайдалана отыра жүргізілетін зерт жұмыстарының жан-жақтылығы мен толықтығы сот-сараптама қызметінің негізгі қағидаттары болып табылады.
Бибігүл БАЗМҰХАМЕТОВА,
сот сараптамасы институтының сарапшысы.
ҚР ӘМ Сот сараптамасы орталығының пайда болу, қалыптасу және даму тарихы 1951 жылдың сәуір айынан бастау алады, осы кезде Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Заңгерлік комиссиясы жанынан Алматы ғылыми-зертханалық криминалистік зертханасы құрылған болатын. Нәтижесінде “ҚР құқық қорғау органдары жүйесін одан әрі реформалау шаралары туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын орындау мақсатында Сот сараптамасы қазақ ғылыми-зерттеу институтының базасында “Сот сараптамасы орталығы” мемлекеттік мекемесі бой көтерді. Орталықты құрудағы негізгі мақсат қылмыстық қудалау органдарынан сот-сараптама жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету жолымен қылмыспен күрес тиімділігін арттыру болып табылды.
1997 жылдың қарашасында облыс орталығында ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығының филиалы – облыстық Сот сараптамасы ғылыми-өндірістік зертханасы құрылады. Сол кезде штатта 12 сарапшы болатын, олар негізінен сараптаманың криминалистік түрлері бойынша зерттемелер жүргізген.
Бүгінгі күні СҚО бойынша Сот сараптамасының ғылыми-өндірістік зертханасы облыстық Сот сараптамасы институты болып қайта құрылды. Мұнда қазір 18 сарапшы қызмет етуде, олар 23 сараптама мамандығы бойынша зерт жұмыстарын жүргізеді. Зерттеудің криминалистік түрлерімен қатар экономика, бухгалтерия, тауартану, құрылыс, көлік, өрт салаларындағы арнайы білімге негізделген сараптамалар да жасалады.
Біздің сарапшылар күрделілігіне қарай түрлі сараптаманы жүргізуде үлкен тәжірибеге, күш пен техникалық мүмкіндіктерге ие. Институттың қызмет еткен уақытында мамандарымыз өздерін жоғары білікті сарапшылар ретінде көрсетті. Жылдан- жылға белгіленген сараптамалар қатары көбейіп, бұл бізге деген сенім мен қажеттіліктің бар екендігін дәлелдеді.
ҚР сот-сараптама жүйесінің дамуына 2013 жылы Елбасының “ҚР құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртырудың 2014-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын” бекітуі түрткі болып отыр. Оны жүзеге асыру шеңберінде Сот сараптамасы орталығы қызметкерлерінің саны көбейіп, жаңа сараптама мамандықтары енгізіледі, соның ішінде СҚО бойынша Сот сараптамасы институтының штаты ұлғайтылатын болады. Бұл сот-сараптамасы жүйесінің жетілуіне мүмкіндік туғызып, іс жағдайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге жол ашады.