Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Татьяна күні мерекесіне орай концерт болып өтті. Облыстық филармония ұйымдастырған шарада қаламыздың белгілі өнер ұжымдары ән мен биден шашу шашты.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өнерсүйер қауымға Геннадий Брюханов жетекшілік ететін эстрада және джаз оркестрінің орындауындағы “Самбо для белоснежного американца”, “Леди”, “Арман досым” және “Sing, sing, sing” туындылары көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Тыңдармандар шетелдіктердің сүйіп салатын “Вуги-вуги” әніне билеген “Exellens” шоу-балеттің мың бұралған қыздарынан да қошеметтерін аяған жоқ. “Перепелочка” белорус, ұйғыр және араб билерін сахналаған “Әдемі-ау”, “Туған жер” және “Қуанамын” ансамбльдері жадыраңқы көңіл күйді одан сайын аша түсті. Өңірге танылған әншілер де бишілерден қалысқан жоқ, қазақ, орыс және ағылшын әндерін салып, қошеметке бөленді.
Концерт барысында тыңдармандар арасында лотерея ойны жүргізіліп, Татьяна есімді қыз-келіншектерге сыйлықтар тарту етілді. Фототілшіміз Амангелді Бекмұратовтың мына суреттерінде көңілді кештің сәті бейнеленген.
Кештің тартымды өтуіне жүргізуші Дмитрий Столбов бар күш-жігерін салды. Оның сахнада жүргеніне 10 жыл толуына орай 25 сәуірде Петропавлға ресейлік “На-На” тобы келмек.