Анна КУЧЕРЕНКО,
еңбек ардагері.
Петропавл қалалық Мәдениет үйінде облыстық филармонияның ұйымдастыруымен “Мчится тройка” атты концерт өтті.
Қыс тақырыбына арналған іс-шарада дирижер Қайырлы Ғафуров жетекшілік ететін Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Қайырлы Ғафуров – жоғары шығармашылық әлеуеті бар, зор үміт күттіретін дарынды музыкант. 5 жылдың ішінде дирижер 40 музыканттан тұратын оркестрді жоғары деңгейге көтерді. Концертте оркестр Г.Свиридовтың “Тройка”, Б.Шарафтың “Оянған дала”, Бизенің “Антракт”, М.Глинканың “Вальс-фантазия”, А.Хачатурянның “Танец с саблями” және тағы басқа туындыларды орындады.
Концертте филармонияның әншілері ән шырқады. Күміс көмей әншілер Дәмеш Құрманкина, Мұхит Ахметов, Асхат Галеев, Радик Синтиков, Елена Уварова, Жанат Алпысбаева, Әділ Нуриахметов, Лилия Петрова, Николай Колокольчиков көрерменнің ықыласына бөленді. Сахнада түрлі жанрдағы әндер орындалды. Олар: “Аңсап келем, туған жер”, “Жаңа жыл”, “Жұмыр қылыш”, “Скажите, девушки”, “Кабы не было зимы”, “Вальс Джульетты” және тағы басқалар. Сондай-ақ іс-шарада облыстық филармонияның камералық хоры да көрермендерді өнерімен сусындатты. Оның көркемдік жетекшісі – Қырғыз КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Юрий Колчин.