«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ – БАСТЫ ҚҰРАЛЫМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Білім – ұлттың бәсекеге қабілеттігін арттырудың басты құралы. Сол себепті білім саласы Елбасының назарынан тыс қалған емес. Биылғы жылдың басты құжатында да білім саласына айрықша мән беріліп отыр. 

Данияр УӘЛИЕВ,

№16 орталау мектеп директоры.

Елбасының “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты биылғы Жолдауында балабақшадан бастап, мектептер, жоғары оқу орындарының болашағы, студенттердің шәкіртақысы, ғылымның дамуы, кәсіптік білім беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуі барша ұстаздар қауымының жұмысына тың серпін беретіні сөзсіз.

“Біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін не істеуіміз керек?” деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Ауқымды жұмысты мектепке дейінгі білім және тәрбие беру саласын заманауи бағдарламалар және оқу әдістемелерімен, білікті мамандармен қамтамасыз етуден бастау қажет. Ал орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу міндеті тұр. Мектеп түлектерінің қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік білуіне де айрықша мән берген жөн. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сыни ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруге мүмкіндік бермек. Аталған тапсырмалар №16 орталау мектебінің де бағыт-бағдарын айқындап, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын болады.

Маңызды құжатта келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажеттігі де атап көрсетілді. Біздің мектепте оқушылардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асуда. Мәселен, өзім жетекшілік ететін робот техникасы үйірмесіне қатысушылар бірқатар байқаулар мен көрмелерге жолдама алды. Алдағы уақытта Қазақстанда робот техникасының дамуына үлкен көңіл бөлініп, азын-аулақ өз өнімдерімізді шығара бастаймыз деген сенімдемін. Мемлекет басшысы 2050 жылға дейінгі екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиалық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салған жөн екенін атап көрсеткен болатын.

2016 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысын 25 пайызға көбейту жаспарланса, 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттері қайта қарастырылып, азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісі әзірленетін болады. Бұл жаңалық студент жастар мен сала мамандарын ынталандырып, тың серпінмен еңбектенулеріне ықпалын тигізбек.

Жалпы өңірімізде білім саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Оған білім беру жүйесі желісінің дамуы, оқу орындарының материалдық-техникалық базасының нығаюы, оқушылардың білім жетістіктерінің деңгейі, олардың ғылым негіздері бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларда, зияткерлік турнирлер мен конкурстарда, спорттық сайыстарда табыстарға ие болуы дәлел.

Елбасының биылғы Жолдауында қазақ тілі ғылым мен білімнің, Интернеттің тіліне айналғаны жайында айтылды. Бірлігімізді сақтап, ана тіліне деген құрметімізді берік етсек, ұлттық мүдденің үстемдік етері анық. “Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік Тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн”, – деді ел Президенті өз Жолдауында.

Елбасы алға қойған зор міндеттердің халық қамы үшін жүзеге асырылатыны бізге рухани дем береді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp