«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘСЕКЕЛЕСТІК ЖАНДАНА ТҮСПЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сайран МҰСТАФИНА,

Қожаберген жырау атындағы

№6 орта мектептің директоры.

Білім саласының қызметкері болғандықтан, мені Елбасы Жолдауында білім беру саласына қатысты айтылған мәселелер толғандыратыны заңды. Биылғы Жолдауда да осы салаға ерекше көңіл бөлініп, көптеген міндеттер жүктелді. “ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Бұл үшін біз не істеуіміз керек? Біріншіден, барлық дамыған елдерде сапалы білім жүйесі бар”, – дей келіп, Елбасы біздің алдымызда халыққа білім беру сапасын жоғарылатуға қатысты ауқымды жұмыс тұрғандығын қадап айтты. 2020 жылға дейін 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтамасыз етуді тапсырды. Әсіресе, оқу сапасын заманауи әдістемелік жағынан жабдықтап, толық қамтамасыз етуге бағытталған сөзі көкейімізден шықты. Соның ішінде біліктілік пен сапа жағына ерекше мән берілді. Елбасы өз сөзінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейіне жеткізу керек, деді. Бұл – тамаша ой. Демек, еліміздегі мектептер арасында білім сапасын жақсарту бойынша бәсекелестік жандана түседі. Сол себепті заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелері және білікті мамандар даярлау жөнінде тапсырма берілді.  

Мемлекет басшысы айрықша назар аударған мәселе – тіл. Осы орайда мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуі қажет, деді. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Оқушылар оқыту нәтижесінде сыни ойлау әдісін меңгерген, дербес ізденіп, ақпаратты терең қорытындылауды білетін азамат болуы керек, деген зор міндет қойылды. Оқу үдерісіне кері әсерін тигізетін де мәселелер айтылып өтті. Ол – мектептердегі орын жетіспеушілігі. Алдағы үш жыл ішінде үш ауысымды оқып жатқан мектептердің мәселелерін шешіп, қажет болған жағдайда барлық мектептерді екі ауысымда білім беруге ауыстыру ерекше мәселе ретінде белгіленді. Ұстаздардың мәртебесін арттыру бағытында да тапсырма берілді. Елбасы Үкіметке жалақы төлеудің жаңа моделін енгізуді және білім саласы қызметкерлерінің еңбекақысын 29 пайызға көтеруді тапсырды. Бұл – қуантатын жайт және мұны Елбасының үлкен қамқорлығы деп түсінеміз.  

Жолдаудағы аса маңызды бағыт – қазақстандық патриотизм. Жалпы барлық құнды еңбектер мен жаңа атаулы тек отансүйгіштіктің арқасында дүниеге келеді. Президентіміз ұсынған “Мәңгілік Ел” – барлық қазақстандықтардың ұлттық идеясы, ата-бабаларымыздың арманы. Осы бағытта көптеген жұмыс атқаруымыз қажет. Себебі, осы идеяны іске асыратын, жемісін көретін – біздің жастарымыз, қазіргі оқушыларымыз.

Елбасы Жолдауында білім беру саласына жете көңіл бөлуіне орай біз зор жауапкершілікті сезінеміз. Себебі, сапалы білімді, кәсіби білікті мамансыз Жолдаудағы экономикалық міндеттерді шешу, индустриялық-инновациялық бағдарламаны орындау мүмкін емес.

Міне, елімізде жарқын болашақ үшін көптеген жұмыстар қолға алынуда. Сондықтан да келешекте Қазақстан әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына еніп, бүгінгі балалар мемлекеттің өсіп-өркендеуіне өздерінің зор үлестерін қосады деген сенімдеміз. Себебі, Отанымызда осыған лайықты жастар тәрбиеленуде. Ал олардың ел қамын ойлайтын азаматтар болып қалыптасуы – біздің және қоғамның басты мақсаты.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp