«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЛ ТУҒАН КҮН – МЕРЕКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Болат ҚОЖАХМЕТОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Әманту биллаһи” деп басталатын сүреден білетініміз: иманның төртінші шарты – пайғамбарларға сену. Алла тағала адамдарға тура жолды көрсетуі үшін жер бетіне жіберілген пайғамбарлар жүздеп емес, мыңдап саналады. Құранда 25-інің ғана есімдері аталған солардың соңғысы – Мұхаммед ақырғы пайғамбар ретінде ғана ерекше емес: алғашқы пайғамбарлар тек қана белгілі бір тайпаға немесе қауымға жіберілсе, ақырғысы күллі адамзатқа ортақ.

Үмбеттері онсыз да үнемі жадынан шығармайтын Мұхаммед пайғамбардың дүниеге келген күні – Мәуліт болса ежелден мереке: көптеген мұсылман елдері атап өтуден айныған емес. Тәуелсіздіктің туын көтергелі біз де Мәулітті мерекелеумен келеміз. Алғашқы жылдары жиналған жұртшылықтың көптігі соншама – қазіргі “Динамо” стадионына жағалай көрпе төсеп, табақ-табақ ас тартып, Мәулітті той сияқты өткізгеніміз де есімде.

Бұрын да, бүгін де облыс орталығында хан сарайы сияқты кең зал біреу-ақ, ол – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ғимаратында. Соңғы жылдары, міне, осында өткізіліп келе жатқан Мәуліт мейрамы биыл да театрдың зәулім залын күмбірлетті. Әуелі әдеттегідей Мәуліт салауаты оқылды. Әрине, араб тілінде. Бір қуаныштысы – ҚМДБ-ның өңіріміздегі өкіл имамы, бас мешітіміздің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы алдағы уақытта Мәулітті екі тілде – арабша және қазақша оқуға уәде берді. Қатты аязға қарамастан, далиған театрды толтыруға шақ қалған келушілер салауаттың “қайырмасына” қосылып отырды.

Салауаттан соң жиналған жұртшылықты құттықтаушылар төбе көрсетті: әуелі – бас имамның өзі, сосын – Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Мұратбек Зейнуллин.

Соңғы кезде діни шараларға да сыналап кіре бастаған айтыс бұл жолы қос жұп болып көрінді. Оған қатысқан көкшетаулық Қуаныш Оспанов та, өзіміздің Аманжол Зағыпар, Жарқын Жұпархан, Санжар Тастамбеков сияқты ақындар да тақырыптан ауытқымауға тырысты. Әрине, тереңдей алмады: діни білімнің тапшылығы білініп тұрды.

Бұл Мәуліттен ең көп сауап алғандар, меніңше, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының артистері: олар мейрамның шырайын жандыра білді. Көбісі Алланың ақ жолына түскен олар сахналық көріністерімен де, діни өлеңдерді ұсынуымен де көзге түсті. Мәулітті бастан-аяқ жүргізген актер Болат Мамытбеков те дүниенің жауабын діннен тапқан намаз-хан.

Жылдағы дәстүр бойынша биылғы Мәулітте де викторинаның сұрақтары қойылып, оған мектеп оқушыларындай қолымызды көтеріп, көзге түскенімізге мәз болып қалдық.

Мәуліттің соңында хадистерді жатқа оқыған бір топ балаға сыйлық тапсырылды. Айтысқа қатысқандар да марапатқа ие болды: Кенжетай қажы Байкемелұлы оларға Алғыс хат пен ақшалай сыйлықты өз қолымен табыс етті.

Салауат айтып, сауап алуды көздеген келушілерге орталық мешіттің асханасында дастарқан жайылды. Кешкілік Мәуліттің құрметіне бір топ жетім балаға ас берілді.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp