Кеше облыс орталығындағы Кутузов орденді Кингисепп 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Оған облыс әкімі Самат Ескендіров, қала басшылары, соғыс және еңбек ардагерлері, жұртшылық өкілдері және мектеп оқушылары қатысты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары қазақстандық дивизиялар, бригадалар мен жекелеген бөлімдер барлық майдандарда шайқасқан. Сол жылдары солтүстікқазақстандық жауынгерлерден жасақталған Кутузов орденді 314-ші Кингисепп атқыштар дивизиясы 900 күн мен түн құрсауда болғанымен, жауға берілмеген қаһарман қаланы қоршаудан азат еткен КСРО жауынгерлерінің қатарында болған. Содан бері қаңтардың 27-сі ленинградтықтар мен жерлес ардагерлер үшін жау құрсауынн бұзған күн ретінде атап өту дәстүрге айналған.
Бұл күні солтүстікқазақстандықтар соғыс жылдары 20-дан астам қала мен 1000-нан астам елді мекенді басқыншылардан босатуға қатысқан әйгілі 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне арналған ескерткіш маңында жиналып, жауынгерлердің рухына тағзым етті. Өңір басшысы Самат Ескендіров бастаған жұртшылық жерлес жауынгерлердің ерлігіне бас иіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Содан соң жиналған қауым дивизияның жауынгерлерін бір минут үнсіздікпен еске алды.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.