2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1%-ға, ауыл шаруашылығынікі – 13,1%-ға, құрылыстікі – 18,6%-ға, бөлшек сауданікі 26,1%-ға ұлғайды.
2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары (шағын, қосалқы кәсіпорындарын, үй шаруашылығы секторын қоса) қолданыстағы бағамен 152 млрд. теңгенің өнімін өндірді.
Өнеркәсіп өндірісі құрылымында 75,6% алатын өңдеу өнеркәсібінде 114,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді немесе 2012 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 8% артық.
2012 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда азық-түлік өндірісі 8,4%-ға өсті. Өңделген сұйық сүт және кілегей өндіру 91,7%-ға, ет және азықтық ет өнімдері – 14,7%-ға, үй құсының еті 32,8%-ға, сары май 16,2%-ға, жаңа піскен нан өндірісі 4%-ға артқан.
Металлургиялық өнеркәсіп өнімдерін өндіру – 50,4%-ға, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру – 31,5%-ға, машина жасау өнімдері өндірісі – 10%-ға, фармацевтикалық өнімдер өндірісі – 3,4%-ға, химиялық өнімдер өндірісі 2,1%-ға ұлғайған. Ерлер сырт киімі – 1,9 есе, асүй жиһазы 1,2%-ға артық өндірілді.
2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 277,3 млрд. теңгені құрады (2012 жылғы қаңтар-желтоқсандағыдан 13,1% артық). Мал мен құстың барлық түрлері тірідей салмақта союға 97,4 мың тонна өткізілген (2012 жылғы қаңтар-желтоқсандағыдан 2% артық), 458,5 мың тонна сиыр сүті сауылған (2,4%-ға), 487,2 млн. дана (13,1%-ға) тауық жұмыртқасы алынған.
Барлық меншік нысанындағы құрылыс-монтаж ұйымдарының күшімен 34,6 млрд. теңгенің мердігерлік жұмыстары орындалды (2012 жылғы қаңтар-желтоқсандағыдан 18,6% артық). 2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда жаңа 574 ғимараттың құрылысы аяқталды, оның 510-ы – тұрғын және 64-і – тұрғын емес мақсаттағы.
2013 жылғы қаңтар-желтоқсанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 101,5 млрд. теңгені құрады (2012 жылғы қаңтар-желтоқсандағыдан 0,1% артық). Негізгі капиталға салынған инвестицияларды қаржыландыру көзінің 72,3%-ы шаруашылық жүргізетін субъектілердің өзіндік қаражаты болып табылады, қарыз қаражатына – 5,8%, бюджет қаражатына – 21,8%, шетелдік қаражатқа 0,1% келеді. Ауыл, орман және балық шаруашылығы (жалпы инвестиция көлемінің 44,1%-ы), көлік және қоймалау (16,4%), өнеркәсіп (20,4%), жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар (6,8%), ақпарат және байланыс (3,1%) негізгі капиталға салынған инвестицияларды игеру бойынша басым салалар болып табылады.
Тұрғын үй құрылысына 6,7 млрд. теңге бағытталды (2012 жылғы қаңтар-желтоқсандағыдан 3% артық). Облыс аумағында тұрғындар және кәсіпорындар жалпы көлемі 115016 шаршы метр тұрғын үйді енгізді (2012 жылғы қаңтар-желтоқсанға 114,3%).
2013 жылғы қаңтар-желтоқсан ішінде тасымалдаушылардың барлық санаттары 49,3 млн. тонна жүк (2012 жылғы қаңтар-желтоқсандағыдан 6,6% артық) және 492,8 млн. жолаушы тасымалдады (2012 жылғы қаңтар-желтоқсанға 104,7%).
2013 жылғы қаңтар-желтоқсандағы бөлшек сауда көлемі 127,4 млрд. теңгені құрап, 2012 жылғы қаңтар-желтоқсанмен салыстырғанда 26,1%-ға ұлғайды, көтерме сауда 281,9 млрд. теңгені құрады (4%-ға). Талданып отырған кезеңде қоғамдық тамақтандыру қызметінің көлемі 2,7 млрд. теңгені (3,8% артық) құрады.
Облыстық Статистика департаменті.