Өзге жастар сияқты мен де Елбасының жыл сайынғы Жолдауын асыға күтемiн. Биыл да зор ықыласпен таныстым. Егер бұған дейінгі Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” деп аталған Жолдауында елдің негізгі бағыттары айқындалған болса, биылғы Жолдау оларды жүзеге асыруға арналды.
Сабина ЖАҚЫПОВА,
“Жас Отан” ЖҚ белсендісі.
Елбасының халыққа арнаған әрбір Жолдауының өзіндік ерекшелігі, мақсаты мен мүддесі бар. Бұл ретте үстіміздегі жылғы Жолдаудың өсер ұрпаққа арналып отырғанын ұғынуымыз керек. Яғни, осынау саяси құжатта айтылған міндеттер бір күнде, болмаса бір жылда емес, бірте-бірте кезең-кезеңімен жүзеге асатыны анық.
Әрбір Жолдауында Елбасымыз халықтың жағдайын бір сәтке де ұмытқан емес. Күні бүгінге дейін айтылған міндеттердің бәрі жыл өткен сайын бірте-бірте орындалу үстінде. Өз Тәуелсіздігінің жиырма екі жылын артта қалдырған егемен еліміз бүгінде жаңа экономикалық өрлеу жолында. Осы жолғы Жолдауда да өзге мәселелермен қатар, жастардың орта техникалық білім алу мәселесі ұмыт қалмады. “Алдағы 2-3 жылда дуальді техникалық кәсіби білім берудегі ұлттық жүйенің өзегін қалыптастыру керек. Перспективада жастардың орта техникалық білім алуының мемлекетпен кепілдендірілген жүйесіне көшуді қарастыру қажет”, – деп тоқталған Президент Үкіметке үстіміздегі жылдың 1 маусымына дейін осы мәселе бойынша нақты ұсыныстарды енгізуді тапсырды.
Сондай-ақ жоғары үлгерімі бар студенттерді қолдаудың тиімді жүйесін құру қажетіне басымдық беріліп, 2016 жылдан бастап шәкіртақы көлемі 25 пайызға арттырылмақ.
Түптеп келгенде, осы саяси құжаттың әрбір тармағын жеке-жеке талдап, таразыласақ та артық етпейді. Ең бастысы, Елбасының барлық Жолдауларында айшықталған мәселелердің толығымен шешілуі, әрі айтылған мiндеттердiң орындалуы Сiз бен бiзге тiкелей байланысты екенiн ұмытпағанымыз жөн.