«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АХУАЛЫҢ ҚАЛАЙ, АРАЛАС МЕКТЕП?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ертеңгі жарқын болашағы мемлекеттік тілмен астасып жатқанын етене түсініп, қазақ тілін меңгеруге бет бұрғандардың саны күн санап өсіп келеді. Осыған орай аралас мектептердің саны да артып отыр. Бірақ орыс мектептерінде ашылып жатқан қазақ сыныптарына көпшілік күмәнмен қарайды. Олардың арасында орыс тілі үстемдік алатын аралас мектептерде балалардың ойы мен бойына ұлттық қасиет мәйегi сiңiрілмейді деген пікір қалыптасқан. Шынымен де, мұндай білім ошақтарында оқитын оқушылар таза ұлттық құндылықтарды бойына толық сіңіре ала ма, жалпы аралас мектептерде оқу-тәрбие жұмысы қандай деңгейде?

Петропавл қалалық Білім бөлімінің әдіскері Әлия Жақыпованың мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда шаһарымызда 15 аралас мектеп бар. Соның ішінде алғашқылардың бірі болып ашылғаны №7 орта мектепте екен. Онда 2007-2008 оқу жылында бірінші қазақ сыныбы ашылыпты. Мектеп 580 балаға шақталған, қазір даярлық сыныбынан бастап, 11-сыныпқа дейін 1128 бала оқиды. Одан басқа 50 тәрбиеленушісі бар шағын орталық жұмыс істейді. Білім ошағында мектепалды даярлық тобымен қоса алғанда 11 қазақ сыныбы бар. Аралас мектеп ашылған жылы алғаш қазақ сыныбына қабылданған балалар қазір 7-сыныпта оқиды. Қазақ сыныптарында барлығы 250-ге жуық бала білім алуда.  

– Мен сәуір айында Алматыда курста болып келдім. Сонда Қазақстандағы барлық мектептердің 51%-ы – таза қазақ мектебі, 28%-ы – аралас, 20%-ы – орыс және 1%-ы басқа ұлттық мектептер деген мәлімет берді. Сондағы 20%-ды Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының мектептері құрайды екен. Себебі, бұл облыстарда өзге ұлт өкілдері көп. Орыс мектептерінде қазақ сыныптарын ашу дегеннің өзі – үлкен саясат. Қаланың орталығында орын тепкен орыс тілінде білім беретін №7 орта мектепте алғашқы қазақ сыныптарын ашудың өзі – үлкен шаруа. Аралас мектептердің мәселелері төңірегіне келсек, әрине, ол бар. Ең бастысы қазақтілді орта жоқ. Өйткені олар үзіліс уақытында бір-бірімен араласады, кейбірі көрші тұрады. Бала болған соң үзілісте сыныптан шықпа, ешкіммен араласпа деп айта алмайсың. Онымен қоймай, көпшілігінің ата-аналары да орыстілді, – дейді №7 орта мектептің директоры Гүлнар Таласбаева.

Оның айтуынша, мектепте оқитын оқушыларды бір-бірінен ажыратып, орыс сыныптарын бірінші қабатта, қазақ сыныптарын екінші қабатта немесе блоктарға бөліп оқытуға жағдай жасалмаған. Ең болмағанда бастауыш сыныптар бөлек блокта оқыса. Өйткені, бастауыш сыныптардың балаларында энергия көп, үзіліс уақытында жүгіріп жүреді. Сөйтіп жүріп, үлкен балалармен соғылуы, құлап қалуы мүмкін. Демек, бөлек блокта оқыту балалардың қауіпсіздігі үшін де қажет. Бастауыш сыныптар арасында шаралар өткізген кезде де баланы жан-жақтан жинап жүрмей, бір блокта болған тиімді. Бірақ мектептің жағдайы оған келмейді.

– Мысалы, ол жерде информатика немесе физика кабинеттері тұрса, біз оны түп орнымен көшіре алмаймыз. Себебі, олар электр желісіне қосылып, парталары барлығы қойылып, толық жабдықталған кабинеттер. Сондықтан ол мәселені басқаша ойластыру қажет. Алдағы уақытта бастауыш сыныптарды жеке блок етіп бөлу жоспарда бар. Қазір ұжым болып осы мәселені шешуді жан-жақты қарастырып жатырмыз. Бірақ ол бір-екі күннің шаруасы емес. Дүйсенбі күндері мектепішілік линейка орыс тілінде бірге өтеді. Ондай үлкен жиындарда біз барлығын қазақшаға аударып тұрмаймыз, өз тілімізді қанша дамытқымыз келсе де, бұл жерде орысша сөйлейміз. Әрине, қазақ сыныптарында бөлек өткізілсе жақсы болар еді. Бірақ әзірге ондай жағдай жасай алмай отырмыз. Басқа мерекелік іс-шараларды қазақ сыныптары қазақша өткізеді. Барлығы орысшаланып кетті деуге болмайды, – дейді мектеп басшысы.

Аралас мектептерде кадр мәселесі де күрделі. Бастауыш сыныптардың нақты тағайындалған мұғалімдері бар. Олар біріншіде қабылдап алғаннан төртіншіні бітіргенше ауыспайды. Бар қиындық 5-6-7- сыныптарға келгенде басталады. Бұл сыныптарда қазақ тілінде сабақ беретін пән мұғалімдері жетіспейді. Мысалы, физика 7-сыныптан басталады, оның өзінде аптасына екі-ақ сағат. Басқа мектептің мұғалімі ол екі сағат үшін аралас мектепке бара қоймайды. Баратындар бұл сияқты пәндерді негізгі жұмысына қосымша сағат ретінде ғана алады.

– Өзім физиканы 6 сағат орыс сыныбына, 2 сағат қазақ сыныбында беремін. Директор ретінде маған 9 сағат тиесілі. Осы мектепте жұмыс істейтін болғандықтан, сол 8 сағатпен отырмын. Қазір қазақ мектеп-гимназиясынан – тарих, әл-Фараби мектеп-лицейінен – биология, Мағжан Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі жанындағы мектеп-лицейден – география пәндерінің мұғалімдері келіп сабақ береді. Биыл Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп пен қалалық классикалық гим-назиядан мұғалімдер келген жоқ, өйткені олардың өздерінің сағаттары толық, – дейді Гүлнар Темірболатқызы.

Білім ошағында әрқайсысында 24 бүлдіршіннен 2 мектепалды даярлық тобы қазақ тілінде жұмыс істейді. Қазір 2-3-ші сыныптар екеуден, ал 1-сынып біреу-ақ қалған. Өйткені, биылғы жылы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп пен қалалық классикалық гимназияда орын болғандықтан, бұл мектептің даярлық тобында оқыған балалардың көбі осы екі мектепке кеткен. Мұндай жағдай басқа да аралас мектептерде болып тұрады.

– Қызым №10 мектептегі қазақ сыныбының даярлық тобында оқыды. Онда Гүлжан Серікқызы сабақ беріп, ата-аналардың көңілінен шықты. Бірақ, балаларымыз 1-сыныпқа барарда мұғалімді ауыстырып жіберді. Сондықтан қызымды Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектепке бердім. Өйткені, онда қазақша сөйлейтін орта бар, барлық іс-шара қазақ тілінде өтеді. Бұл мектепте мұғалімдер тұрақты, келіп-кетіп жұмыс істейтіндер жоқ. Оқушы жыл сайын бір мұғалімге бейімделіп әуре болмайды. Баламның жақсы білім алғанын қалаймын, сондықтан осындай шешім қабылдадым, – дейді Зәуре Омарова.

Ата-ана ретінде Зәуре Омарованың пікірі де көңілге қонымды. Қазақ мектебінде түпкілікті жұмыс істейтін мұғалімдер толық сағаттарын алып, өзінің негізгі жұмыс орнының мәртебесі үшін тер төгеді. Олар қосымша сағаттар алып, түрлі олимпиадаларға оқушыларын жеке даярлап, шығармашылықпен жұмыс істейді. Ал келіп-кетіп істейтін мұғалімдер тек сабақ береді де кетеді. Мұнда келіп істейтін пән мұғалімдерімен бір жылға шарт жасалады, ол келесі жылы келе ме, жоқ па, тағы белгісіз. Мұғалімнің жыл сайын ауысуы оқушының үлгеріміне әсер етеді. Әр мұғалімнің әдістемесі, сабақ беру тәсілі әртүрлі.

– Қазақ-орыс сыныптары деп бөлмейміз, мектептің материалдық-техникалық базасы барлығына ортақ. Оқулықтары да жеткілікті. Балалар оқуға тырысады, өте тәртіпті, тәрбиелі. Оқушылар білім ошағын “өз мектебім” деп қабылдайды және басқа қазақ мектептеріне “кетем” демейді. Іс-шараларға да белсене қатысады. Ата-аналардың көзқарастары да жаман емес. Ұжымда достық, ынтымақтастық, төзімділік қалыптасқан. Орыс сыныптарының мұғалімдері – көп жылдан бері жұмыс істеп жүрген өте мәдениетті жандар. Мектепте оқушылар көпэтносты: шешендер, әзірбайжандар, армяндар да бар. Көпшілігі Жұмысшы, Заречный, Солнечный кенттерінен, 19-20 шағын-аудандардан қатынап оқиды. Қазақ мектебі болғаны, әрине, жақсы, бірақ әзірге барымызбен базарлаймыз, – дейді мектеп директоры.

Бір аралас мектептің мұндай жағдайы басқа мектептерге де тән. Тек олардың барлығы дерлік әлі бастауыш деңгейде, сондықтан олар мұғалімдер тапшылығын сезінген жоқ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp