Виктория КУРОВА,
іс жүргізуші.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту үшін ауқымды жұмыс қолға алынды. Өткен 22 жыл ішінде атқарылған істердің нәтижесін әркім түрліше бағалайды. Менің ойымша, Қазақстанның болашағы атанған өскелең ұрпақ қазақ тілін меңгеруге ден қойған. Олар балабақшадан мемлекеттік тілді үйренуді бастап, мектеп пен жоғары білім алғанда да, жұмыс орындарында да жалғастыруда. Бұған мемлекет бар жағдайды жасап отыр.
Мәселен, мен – Қызылжар ауданы Бескөл ауылындағы орыстілді мектептің түлегімін. Біз оқыған жылдары қазақ тілін аптасына 4 рет оқитынбыз. Одан біз қазақ тілін еркін меңгермесек те, ауызекі тілде сөйлеу деңгейіне жеткізді. Мектепте қазақ тілі пәнінен сабақ берген мұғалімдерімнің барлығы да білімді, білікті еді. Солардың арқасында мен ғана емес, сыныптастарым да қазақ тіліне немқұрайдылық танытқан жоқ. Ал жоғары оқу орнында деңгейіміз айтарлықтай өспесе де, білгенімізді ұмытқамыз жоқ. Мен – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің түлегімін. Университетте оқып жүргенде қазақ тілі сабағынан 4 пен 5 ғана алатынмын. Сонда бір аңғарғаным: тобымыздағы студенттердің барлығы мектептен қазақ тілін жақсы меңгеріп келгендер болды. Белгілі деңгейде бір-бірімізбен қазақ тілінде сөйлесе алатынбыз.
Қазіргі таңда орыстілді мектептерде қазақ тілі сабағының сағаты көбейіпті. Мен мұны қолдаймын. Әр қазақстандық қазақ тілін білуі тиіс. Әсіресе, осы елмен болашағын байланыстырғысы келетін жастардың қазақ тілін біліп, сөйлей білгені дұрыс. Сондай-ақ жұмыс істеп жүргендерге арналған қазақ тілі сабақтарының өткізілуі де құптарлық іс. Бұл мамандардың тілді жетік меңгермесе де, ауызекі тілді үйренуіне мүмкіндік береді. Мәселен, мен декреттік демалысқа шыққанша, Қызылжар аудандық мәслихат аппаратында іс жүргізуші болып жұмыс істедім. Менің қазақ тілін белгілі деңгейде меңгеруім алдыма келген құжаттардың не жайында екенін білуіме септігін тигізді. Осы орайда әр адамның қазақ тілін білгені өзі үшін пайдалы ғой деп ойлаймын. Біріншіден, ол өмір сүріп жатқан елге деген құрметің, екіншіден, заман сұранысына сай маман болуың, үшіншіден, бәсекеге қабілетті боласың. Себебі, сен қазақ тілін білмесең де, заман ағымын түсінген қатарластарың міндетті түрде тілді үйренеді. Ана тіліңнен басқа тілдерді меңгергеннің көмегі зор. Болашақта баламды балабақшаға берерде мен бірден орыс тілдісін таңдамасым анық. Себебі, баламның да қазақ тілін біліп өскенін қалаймын. Сол себепті қазақ және орыстілді балабақша арасында таңдау жүргіземін.