“Туған жер” халық би ансамблі – облысымыздың белді өнер ұжымдарының бірі. 2010 жылы облыстық филармонияның жанынан құрылған өнер ұжымының кезекті дайындығында болып, биылғы жоспарын біліп қайттық.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Жаңа жылдың басталғанына аз-ақ уақыт өтсе де, ансамбль үш бірдей бидің жобасын дайындап та үлгеріпті. Сол билердің бірі “Домбыра аңызы” деп аталады. Шынайылық, мәңгілік, бірлік, ризашылық, зұлымдық, ашкөздік және тағы басқа ұғымдарды бидің қимыл іс-әрекетіне біріктіре алған би домбыраның пайда болу тарихынан сыр шертеді. Ансамбльдің жетекшісі, балетмейстер, мәдениет қайраткері Михаил Лахтин: “Бұл би арқылы халықтың өмірімен етене байланысты домбыраның мәнін, оның халыққа әкелетін рухани байлығын көрсеткім келді”, – дейді. Сиясы кеппеген сырлы әңгімедей жаңа туындыны өнер ұжымының жігіттері ғана билейді. Айта кетерлігі – бұл ансамбль өңіріміздегі жігіттері бар жалғыз би ұжымы болып табылады. Бүгіндері ансамбльдің құрамында 17 биші бар.
Бишілер көбінесе өңірлік “Арай”, “Қарлығаш” және “Дружные ребята” хореографиялық ұжымдарының тәрбиеленушілері. Ішінде бимен кәсіби түрде айналысуды мақсат тұтқан бишілер бар. Мәселен, сыныптас достар Максим Тонков пен Самат Жұмажанов 1-сыныптан бастап Расима Сучкова жетекшілік ететін “Дружные ребята” үлгілі би ансамбліне бірге барып, кейіннен “Туған жер” би ұжымында қызмет ете бастаған. Қазіргі таңда екеуі де Челябі қаласындағы педагогикалық университеттің халық шығармашылығы факультетінде сырттай білім алуда. 3-курста оқитын бишілер саналы өмірін би өнеріне арнамақ ойлары бар. Өнердегі жетекшілері Михаил Васильевич: “Бұл жігіттер – болашақта өңірдегі би ұжымдарының жетекшілері. Өскелең ұрпақты би өнеріне машықтандыратын болашақ ұстаздар”, – деп оларды би ұжымының беткеұстар бишілеріне теңеді. Солай да шығар. “Домбыра аңызы” биінде басты рөлді сомдайтын да осы екі биші. Өмірде де, өнерде де бірге қол ұстасып келе жатқан екі достың арманы асқақ. Оқып жүріп, ұжыммен бірге шетелдерге гастрольдік сапарларға шығып, мемлекеттік маңызы бар концерттерде өнер көрсетіп жүрген бишілер мұнымен тоқтамақ емес.
Бұл би ұжымында Самат пен Максимдей беткеұстар бишілер жетерлік. Солардың бірі – қазақ мектеп-гимназиясының түлегі, 15 жасар Дінмұхаммет Қахарбеков. Бойы ұзын, сымбатты жас жігітті мектепте байқап қалған Михаил Лахтин оған биге қатысып көруді ұсынады. Ұсынысты бірден қабыл алған Дінмұхаммет – қазіргі таңда би ұжымының болашағынан зор үміт күттіретін биші. Барлық репертуарды жатқа біледі, дейді Михаил Васильевич.
– Мен ол кезде мектепте оқып жүрген едім. Биші боламын деп мүлдем ойлағаным жоқ. Бидің үйірмелеріне де қатысқан емеспін. Тек көшеде достарыммен паркурмен айналысатынмын. Спортпен шұғылданған кезім болды. Михаил Васильевич шақырған соң ұжымға келдім. Бимен айналысып жатқаныма 2 жылдай болды. Қазіргі таңда Омбы қаласындағы облыстық өнер колледжінде хореография бөлімінде білім алып келемін, – деген Дінмұхамметтен неліктен облыс орталығындағы өнер колледжіне оқуға түспедің деп те сұрап көрдік. Қазақ мектеп-гимназиясында оқыған жас жігіт: “Шетелдік хореография өнерін үйренгім келді. Әрі бұл колледжде сырттай оқып, тәжірибе алмасуға да мол мүмкіндіктер жасалған”, – деп жауап қатты. Көзі қырағы Михаил Лахтинның айтуынша, Дінмұхаммет те болашақта өңіріміздегі хореография өнерінің дамуына септігін тигізетін жас өрен. Ұжымдағы жасы кіші Дін-мұхаммет қана емес екен. Шеткі бұрышта өздерімен өзі жаттығулар жасап тұрған екі бойжеткенді көзім шалды. Есімдері Жанель Аманбаева мен Алена Желобкович болып келетін бұл биші қыздар №8 орта жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие мектеп-кешенінің 8-сынып оқушылары болып шықты. Аталмыш мектептегі Михаил Лахтиннің авторлық дәрістеріне қатысып, өздерін биші ретінде таныта алған бұл оқушылар “Туған жер” би ансамблінің штаттағы қызметкерлері болып табылады. Өзге әріптестері сияқты жалақы да алатын қыздар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдында өнер көрсетіп те үлгеріпті.
– Үлкен сахнада өнер көрсету біз үшін үлкен құрмет. Әрі өнерімізді Елбасының өзі тамашалап отырғандығын сезіну жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да өнерімізді барынша көрсетуге талпынамыз, – деген қыздар мектеп жасында өнерімен көзге түсіп, өз қолдары өздеріне жетіп отырғандығын да мақтан тұтты.
Құрылғанына небәрі 4 жыл болса да, өнер ұжымы өзін кәсіби бишілер тарапынан мойындата алды. IV республикалық Шара Жиенқұлова атындағы қазақ би сайысында екінші орын алып, еліміздің өзге ұжымдарын өнерімен таңғалдырғаны да бар.
– Әдетте еліміздің көптеген бишілері солтүстік өңірдің ұжымдарын қазақ биіне икемделмеген деп санайды. Бұл пікір жаңсақ. Себебі, қазіргі қазақ би өнерінің дамуына тікелей әсер еткен белгілі биші Шара Жиенқұловадан дәріс алған шәкірті Ғаникамал Бейсенова – Булаево қаласының тумасы. Сондықтан қазақ биі біздің өңірге жат деуге әсте болмайды. Әрине, қимыл іс-әрекетте, бишілердің би билеу мәнерінде ерекшелік бар. Егер оңтүстіктің бишілерінде білезік буынының қимылы көбірек болса, біздің өңірлік ұжымдар бидің техникасына мән береді, – дейді Михаил Лахтин .
Ұжымның репертуары 20-дан астам биден тұрады. Өңірімізде тұратын барлық ұлттардың халық билерін билейтін ұжым мұнымен шектелмек емес. Қазақ биінің негізін салушылардың бірі – Ғаникамал Бейсенова сынды тұлғалармен танысып, тәжірибе алмасып отыратын Михаил Лахтин балетмейстер әрі хореограф ретінде ұжым репертуарының бағдарламасын да өзі жасайды. Сахналық костюмдерден таршылық көрмейтін ұжымның әр биге өзіндік костюмдері де бар. Тек кей кездері тендерлік жүйенің кесірі тиіп қалады, дейді Михаил Лахтин.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының концертінде белорус биін билейтін болдық. Концерттік нөмір дайын. Ал костюмдерімізді тендерді ұтып алған шымкенттік тігіншілер тігуі тиіс болатын. Өзіміз – Астанадамыз, костюмдеріміз – Шымкентте. Ол қаладан костюмдерімізді алып үлгермегендіктен, Мәдениет министрлігінің тікелей араласуымен биші қыздарға костюмді “Арай” халық би ансамблінен, ал ұлдарға Павлодар қаласынан алдыртты. Көбінесе бізге костюмдерді Көкшетау, Қостанай және Шымкент қалаларының тігіншілері тігеді, – деген ол костюмдерімізді өңірлік ісмерлер тіксе тіптен жақсы болар еді деген тілегін де жасырмады.
Қазақ, орыс, украин, белорус, өзбек, татар және өзге де ұлттардың билерін билейтін ансамбльдің алдағы уақытқа жоспары жетерлік. Биылғы жылы 55 жасқа толған өнер ұжымының жетекшісі алдағы уақытта мерейтойлық концертіне дайындығын да бастамақ.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.