«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰЛ ҚАРИЯЛАРДЫҢ БАҚЫТЫ — 19 немересі мен 2 шөбересі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Жұмағұл Бейсенбаев ақсақалдың Ақжар ауданындағы Май ауылынан қалаға қоныс аударғанына да, міне, он бес жылдан асып барады. Өмірінің 42 жылын жас ұрпақтың тәрбиесіне, оларға білім беру жолына арнаған ұлағатты ұстаз қалаға келісімен намазға жығылып, дін жолына түсті. Оған өзінен бұрын сәждеге маңдайын тигізген зайыбы Кәміш апайдың да ықпалы болғанын жасырмайды. Енді ше, бір шаңырақтың астында жарты ғасырдай бірге өмір сүрген қосағы Тәңіріне құлшылық етіп жүргенде бұл қалай қарап қалсын?! Сөйтіп, зейнеткерлікке бірер жыл бұрын шыққан зайыбынан қалыспай, өзі де бес уақыт намазға жығылатын болды. Облыстық орталық мешітте дәріс берген қарилардан он жылдай білім алып, арабшаны еркін меңгеріп шықты. Талай мәрте өңірлік Құран оқушылары сайысына қатысып, бірінші және екінші орындарды еншілеген кездері бар. Бүгіндері көкірегіне Құран ұялаған қария мешіттегі алқа мүшелерінің бірі болып табылады.

Жұмекең арғы аталарының ауқатты болып, 1928 жылы бай деп көрсетіндіге іліге бергендіктен, Ресейдің Омбы облысына көшкендерін айтады. Әйтпесе, атақоныс жерлері қазіргі Кішкенекөл, Ақжар ауылдарының төңірегінде, ондағы Үлкен Қараой қорымында арғы аталарының бейіттері жатыр. Тағдырдың жазуымен кіндігі Омбы облысындағы Назыбай ауданының Утинский селолық округіндегі №4 ауылда 1937 жылы кесілді. Әкесі Нұрмағанбет – Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер, оның соншалықты діни білімі болмағанымен, соғыстан елге хат жазарлықтай арабша сауаттылығы бары сондағы бала жадынан әлі де өшкен жоқ. Олардың отбасы 1950 жылы ел жаққа – сол кездегі Қызылту ауданының Мортық ауылына көшіп келеді. Сонда жүріп жетіжылдық мектеп бітіріп, Петропавлдың педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Өмірлік қосағы Кәміш Қайырқызын осы оқу орнында жолықтырып, көңілдері жарасқан екі жас шаңырақ құрады.

1958 жылы тұңғыштары Дәулет туғанда олар әлі училище студенттері болатын. Сол жылы оқу бітірген дипломдарын алған жас мамандар Мортыққа оралып, екеуі де мұғалімдік қызметке тұрады. Жұмағұл химия мен биологиядан, ал Кәміш математика пәндерінен дәріс береді. Дәулеттен кейін дүниеге келген алты баласының барлығы осы Мортық ауылында туған. Сондықтан да осы мекен бүгінде сексеннің сеңгіріне қарай қол созған қарияларға да және олардың ұл-қыздарына да өте ыстық. Өмірлерінің ең қызықты, ұмытылмас шақтарын өткізген ауылды қалай ұмыта алар?! Сөйтіп, осында 12 жыл жемісті қызмет атқарған олар көрші Ақжар ауданының Май ауылында жаңа орта мектеп ғимараты бой түзеп, оған білікті мамандар қажет болғандықтан, соған ауыстырылады. Бұл кезде жоғары оқу орнында сырттай оқып жүрген Жұмекең одан бас тарта алмады. Дәмнің жазуы ғой, жап-жас балаларын жылы орнынан қозғаған олар жаңа орыннан қоныс тауып, мұнда аттай 30 жыл қызмет етті.

Ерлі-зайыпты ұстаздардың еңбек кітапшасында тек екі оқу орны – Мортық және Май мектептерінің аты жазылған. Зейнеттегі қариялар оны мақтаныш етсе еткендей, адал атқарған қызметте еңбектері жанып, абырой-атақтан кенде болған жоқ. Химия және биология пәндерінен өте шебер ұстаз атанған Жұмағұл Нұрмағанбетұлы Қазақ КСР оқу ісінің үздігі атағын алды. Дайындық сыныптарында және математика пәнінен дәріс берген Кәміш апай да құрметтеу марапаттарынан кенде емес.

Бүгінде 19 немере және 2 шөбере сүйген абыз ата мен “Алтын алқалы” ананың бар тілегі өсіп жеткен ұрпақтарының үстінде. Тәлімді тәрбие мен өнеге көрген олардың елге сыйлы жақсы азамат болып отырғандары қуантады. Үлкен ұлдары Дәулет облыстық балалар ауруханасында қызмет етеді, одан кейінгі Дәуренбек – медициналық қызметке ақы төлеу департаментінің басшысы, Ризабек Астана қаласында жұмыс істейді, қыздарының үлкені Ләззат Жолмұқанова – қалалық мәслихаттың хатшысы, одан кейінгі қыздары Гүлзат Нұрушкина Кішкенекөлде аудандық мекеменің бас бухгалтері, тағы бір қыздары – Айгүл Құсайынова әкесінің мамандығын таңдап, Ақжар орта мектебінде химик-биолог, кіші қыздары Әлия Нұркина – жеке кәсіпкерліктің бухгалтері.

Бүгінде бақытты ата-ананың немерелерінің алды ержетіп, өз жолдарын тауып отыр. Жуырда қолдарында тұрған немерелері Мәденді үйлендіріп, баталарын беріп, жеке шаңырақ етіп шығарды. Үлкен ұлдары Дәулеттен көрген немересі Медет мемлекеттік автомобиль инспекциясында, жиендері Сүйіндік Құсайынов Ақмола облысындағы алтын кенішінде қызмет етеді. Қаланың қақ ортасындағы үш бөлмелі даңғарадай пәтерде тұратын қариялар күнде түскілік дәмге жақын жерде қызмет ететін Дәуренбекті және немерелерін тосып отырады. Олар келгенде үй бір толып қалады. Қариялар дастарқаны қашанда қуанышқа толы.

СУРЕТТЕ: Жұмағұл мен Кәміш ұл-қыздарының, немерелерінің ортасында.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp