«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰРЫНҒЫ ОҚШАУЛАҒЫШ МАТЕРИАЛДАР ЗАУЫТЫ индустриялық даму аймағына айналдырылмақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеше облыс әкімі Самат Ескендіров бір кездері қорғаныс мақсатында оқшаулағыш материалдар шығарумен айналысып келген М.И.Калинин атындағы зауыттың аумағында болып, бұл күндері қаңырап бос тұрған ғимараттардың жай-күйімен танысты. 

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Петропавл қаласының әкімі Төлеген Закарияновтың айтуына қарағанда, құрылыс индустриясын дамытуға арналған аймақ құру үшін облыс орталығында бос тұрған 5-6 нысан зерттеуден өткізіліп, мүмкіншіліктеріне сараптама жасалған. Солардың ішінде бұрынғы М.И.Калинин атындағы зауыт орналасқан аумаққа басымдық беріліп отыр. Оның өзіндік себептері де бар. Ең бастысы, ол орналасқан орнына қарай қандай құрылыс нысандарын орналастырса да, қолайлылығымен ерекшеленеді.

Зауыттың бос тұрған ғимараттарын аралап шыққаннан кейін Самат Ескендіров:

– Бүгінгі күні тұрғын үй құрылысының өзіндік құнын азайтуға мемлекеттік деңгейде баса мән беріліп отыр. Ол үшін біз құрылыс индустриясын мүмкіндігімізше дамытып, жергілікті материалдарды кеңінен пайдалануымыз қажет. Мына, бұрынғы М.И.Калинин атындағы зауыт орналасқан жер құрылыс индустриясын дамытуға қолайлы екендігіне келіп көргеннен кейін көз жеткізіп отырмын. Біріншіден, ғимараттар толығымен сақталған, екіншіден, темір жол тұйығы, қосымша электр станциясы бар, үшіншіден, Петропавл жылу-электр орталығы 500 метрдей жерде ғана. Біз аталмыш аумақты құрылыс индустриясы үшін пайдалану мақсатында Үкіметке ұсыныспен шығамыз. Ол ұсынысымыз қолдау тапса, бұл жер индустриялық даму аймағына айналатын болады, – деді.

Петропавл қалалық Жер қатынастары бөлімінің басшысы Тілеубай Есжанов аталмыш нысан 2013 жылы 3 желтоқсанда сот шешімімен коммуналдық меншікке қайтарылғанын, ол 3 гектардан астам аумақты алып жатқанын және мемлекет меншігіне қарайтын 5 гектар жермен шектесетіндігін атап айтты. Сондықтан бұл орын Тұрғын үй құрылысы комбинаты мен Кірпіш зауытын орналастыру үшін таңдап алынып отыр.

Бұл жобаның қалай іске асатындығын алдағы уақыт көрсететін болады.

  Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp