Облыс орталығында орналасқан бастапқы медициналық-санитарлық көмек түрлерін көрсететін “Денсаулық” – жекеменшік коммерциялық емес мекемесі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша республикалық ұлттық-бизнес рейтингісінде “Сала көшбасшысы – 2013” атағын иеленді. Сондай-ақ жекеменшік емхананың үш бірдей қызметкерінің еңбегі еленіп, медальдармен марапатталды. 24 мыңға жуық қызылжарлықтарға медициналық көмек көрсететін жекеменшік коммерциялық емес мекеменің директоры Қадырбек Болатбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Қадырбек Нілұлы, білуімше, бұл мекеме бұрындары №4 қалалық емхана деп аталды. Мекеме жекеменшікке қалай және қашан өтті?
– 1997 жылдың тамыз айында мені облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағы қызметімнен осы емханаға бас дәрігер етіп тағайындады. Қазан айында емхана жекеменшікке өтті.
– Жекеменшік медициналық емдеу мекемесінің жұмысы қалай жолға қойылды?
– Емхана жекеменшікке өткен кезде қаражаттың тапшылығын сезіндік. Қызмет көрсету жүйесі өзгеріске ұшырады. Қызметкерлер айлап жалақы алмады. Тіркелген тұрғындар үйреніп қалған дәрігерлерді сақтап қалу үшін әрбіреуімен жеке сөйлесіп, кездескен қиындықтардың барлығы уақытша екендігін айтып, олардан біраз уақыт сабыр етулерін сұрадым. Дәрігер мамандар қиындыққа шыдап, өз жұмыстарын үзбей атқарып келді. Сол жылдары облыс орталығындағы емдеу мекемелерінің барлығында қаражат мәселесі өзекті болды.
Жекеменшік болғанымызбен, емхана жұмысын кәдімгі кәсіпкерлердің ісімен салыстыруға келмейді. Мақсатымыз – пайда табу емес, сапалы медициналық көмек түрлерін көрсету. Жекеменшік медициналық орталықтарда білікті мамандар мен осы заманға сай медициналық құрал-жабдықтың болуы маңызды. Осы екі мақсатқа жету үшін 5 бірдей жас маманды өз қаражатымыз есебінен оқытып, тәжірибелерін молайттық. Өз есебімізден дәрігер оқыта аламыз деп ойлаған емеспіз. Емхананың жекеменшікке өткеніне биыл 17 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде түрлі белестерден өткердік. Жекеменшік болғанымызбен, емханамыз өзге емдеу мекемелеріндей емханаға тіркелген тұрғындарға мемлекеттік тапсырыс бойынша тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін көрсетіп келеміз. Азаздап құрал-жабдықтарды сатып алып жатырмыз. Былтыр 12 млн. теңгеге емхананың шатырын ауыстырдық. ФГДС аппараты, микроскоп және тағы басқа жабдықтарға қол жеткіздік. Бүгінде барлық емдеу мекемелері электрондық жүйеге көшуде. Сондықтан да былтыр емханаға жаңа компьютерлер сатып алынды. Кішігірім жөндеу жұмыстарын жасадық.
– Облыс орталығында жекеменшік медициналық орталықтар көптеп кездеседі. Бірақ аталмыш орталықтар бірнеше дәрігер мамандармен шектеледі. Бұл мекеменің өзге жекеменшік орталықтардан айырмашылығы бар ма?
– Иә. Бұл мекеме көпсалалы болып табылады. Емханада медициналық көмектің 20 түрі көрсетіледі. Өзге жекеменшік медициналық орталықтарда, мәселен, кардиолог немесе гинеколог қана қарауы мүмкін. Ал біздің мекеме жекеменшік болғанымен, тұрғындарға көрсететін медициналық қызметіміздің кәдімгі мемлекеттік емханалардан еш айырмашылығы жоқ. Мекемеге тіркелген әр азамат тегін медициналық көмек түрлерін ала алады. 11 терапевтік учаскеміз бар. Мекемеге тұрғындар тіркеліп, осында келіп емделеді. Әртүрлі талдаулар жасатып, кардиолог, эндокринолог, уролог, тіс дәрігері, гинеколог, лор, окулист сынды мамандарға қаралып, емделе алады. Және бұл қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Себебі, өзге жекеменшік медициналық орталықтар сияқты біз де мемлекеттік тапсырысты орындап келеміз. Елімізде ауру-сырқаулардан болған өлім-жітім санын азайту мақсатында скринингтік тексерістер өткізіп, науқастарды ауруханаларға жатқызуға жолдама да береміз. Мекемемізге тіркелген қызылжарлықтардың барлығының дерлік уақытында медициналық тексерістерден өтіп тұруы үшін үйлеріне барып, шақырамыз. Міндетті түрде өтуін талап етеміз. Байқасаңыз, мемлекеттік емханалардан еш айырмашылығымыз жоқ. Мекемеде қызмет ететін дәрігерлер де мемлекет тарапынан бекіткен жалақы алады. Қызметін жақсы орындаған дәрігерлер үстеме жалақыға ие.
– Кадр тапшылығы Сіздерде де өзекті ме?
– Мекеме 24 мыңға жуық тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп келеді. Емханада 120 адам қызмет етеді. Соның 30-ы – дәрігер. Кадр тапшылығын болдырмау үшін жыл сайын жоғары оқу орнын тамамдап жатқан түлектермен жолығып, жұмысқа шақырамыз. Жекеменшік болғандықтан, медициналық қызметкерлерге берілетін пәтер мәселесі тарапынан қиындық көріп келеміз. Біз тек жалдаған пәтерінің құнын төлей аламыз. Десе де, бұл мәселені шешіп келеміз. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын 5 дәрігерді өз қаражатымызға оқыттық. Қазіргі таңда ол дәрігерлер мекемеде жемісті қызмет етіп келеді. Оқытқан мамандарымыздың арасында жергілікті медициналық колледжді тамамдаған түлек бар. Ол жоғары оқу орнына түсіп, қазіргі таңда мекемемізде кардиолог дәрігер болып қызмет етіп келеді. Мекемемен бірге қоян-қолтық қызмет етіп келген өзіміздің зейнеткер дәрігерлеріміз де бар. Олардың орнына жас мамандарды даярладық.
– Емханаларда жиі кездесетін кезек мәселесімен қалай күресіп келесіздер?
– Қазіргі таңда кезек мәселесі оңтайландырылып келеді. Науқастар дәрігерлерге уақыты белгіленген талон арқылы қабылданады. Бірақ өзге емханалардағыдай кей науқастар уақытында келмей немесе уақытынан бұрын келіп, кезек тудырады. Әсіресе, қарт адамдардың жаңа жүйеге сіңісуі қиынырақ. Сондықтан да емхана жұмысы басталмай тұрып, дәрігердің қабылдауына сағат 11-ге жазылса да, ерте келіп алады. Жастар бұл мәселеде тәртіпті. Белгіленген уақытта келіп, жұмыстарының тез бітуі үшін кезек тудырмайды.
– Сіздің ойыңызша, жалпы медицина саласындағы жекеменшік мекемелердің болашағы қандай?
– Болашағы бар сала. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі әр азаматтың қалаған емдеу мекемесінде емделуіне мүмкіндік берді. Әр азамат өз емханасын өзі таңдауына құқылы. Бұл емханалар арасында бәсекелестікті тудырып, қызмет көрсету сапасын жақсартуға жетелейді. Білікті мамандарға сұраныс көбейеді. Медициналық білім беру саласының арасында да бәсекелестік орнайды. Жекеменшік медициналық мекемелерде солай. Неғұрлым қызмет көрсету түрлерін жақсартса, соғұрлым жұмысы өрге домалайды.
– Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша республикалық бизнес рейтингісінде Сіздің мекемеңіз “Сала көшбасшысы – 2013” атағын иеленді. Сондай-ақ өзіңіз де “Қазақстан даңқы” орденімен марапатталдыңыз. Саналы өміріңізді медицина саласына арнауыңызға не түрткі болды?
– Бала кезімде 1-сыныпта оқып жүргенімде қатты науқастанып қалдым. Сонда әкем: “Ержеткенде дәрігер бол. Өз-өзіңді және халықты емдейсің”, деген өсиетін айтқан еді. Әкемнің сөзін жерге тастамай, мектепті аяқтай салысымен қазіргі Астана қаласындағы мемлекеттік медициналық университетке оқуға түстім. Оны аяқтаған соң Мәскеуде 5 жылдай оқыдым. 1987 жылдан бастап 5 жылдай №3 қалалық ауруханада травматолог дәрігер болып қызмет еттім. Содан кейін облыстық Денсаулық сақтау басқармасында жұмыс істедім. 1997 жылдан бастап осы мекеменің бас дәрігері болып қызмет етіп келемін. Менімен бірге қоян-қолтық еңбек етіп келе жатқан бірнеше қызметкерлерімнің де еңбегі еленіп, медальдармен марапатталды. Мекеменің терапия бөлімшесінің меңгерушісі Ермек Сандыбаева “Жыл маманы” ұлттық сертификатына ие болса, директордың орынбасары Нина Зеленская “Еңбек жолындағы тиімділігі үшін” медалімен марапатталды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.