Өңірімізде әр деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы дәстүрлі есептік кездесулері жалғасуда. Есіл ауданына қарасты Бұлақ ауылдық округінің әкімі Асхат Мұстафин үш елді мекеннің тұрғындарымен жүздесіп, атқарған жұмысы жайлы есеп берді.
Самат САПАРАЛЫ,
журналист.
Округтегі Ақтас, Қарағай, Бұлақ ауылдарында 253 отбасы түтін түтетіп отыр. Әкімнің айтуынша, округтің дамуына өз үлестерін қосып отырған 4 ЖШС, 5 фермерлік және 12 шаруа қожалығы бар. Өткен жылы 54 адам еңбекпен қамтылған, оның ішінде 38-і тұрақты жұмысқа орналасқан, ал Жұмыспен қамту орталығы арқылы 2 тұрғын өз нәпақасын тауып жүр.
Асхат Мұстафиннің айтуынша, 2013 жылы әлеуметтік әріптестік аясында Корнеевка-Ақтас жолының 4 километріне тас төселді. “Жалпы жұмсалған сома – 3,5 млн. теңге. Оған “Ақтас-Агро” ЖШС, “Бұлақ-Астық” ЖШС, “Толқын” ФҚ септігін тигізді. Сондай-ақ қысқы уақытта шаруашылықтардың көмегімен қысқы жол тазарту жұмыстары жүргізіліп тұрады”, – деді әкім.
Есептен соң бірқатар азаматтар әкімге алғысын білдіріп, тамыз айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан жас әкімге үлкен сенім артып, “қанағаттанарлық” деген баға берді.
Әкім халықтың алдына келген соң, тұрғындардан сұрақ ағыла ма деп күттік. Алайда, медициналық пункттің жағдайына қатысты бір ғана сауал қойылды. Асхат Мұстафин оны аудандық аурухана арқылы шешетінін айтты. Жалпы Бұлақ ауылында биыл наубайхана, газ сақтау және тарату қоймасы ашылып, 200 мың теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде.