2014 жылғы 28 қаңтарда облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа жиыны өтіп, оған қатысушылар – аудандық бөлімдердің басшылары, өңіріміздегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептерінің директорлары, мамандар мен жаттықтырушылар күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Басқарма басшысы Руслан Есеналин өз баяндамасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауының елімізді әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енгізуге арналған даму, экономикалық, саяси және әлеуметтік өрлеу бағдарламасы екенін, ол Мәңгілік Ел идеясын тұжырымдағанын айта келіп, осы орайда Елбасы жүктеген тапсырмаларды, соның ішінде саламатты өмір салтын орнықтыру, азаматтардың денсаулығын шыңдау, бұқаралық және жоғары шеберлік спортын өркендету мәселелері бойынша алда тұрған міндеттерді атап көрсетті.
Ол күн тәртібіндегі екінші мәселе – спорт саласының өткен жылғы қорытындылары және үстіміздегі жылы атқарылуға тиісті шаралар туралы да кеңінен айтып берді.
Еліміздің Жеңіл атлетика федерациясының сарабы бойынша Қазақстан Республикасының осы саладағы үздігі болған Маргарита Мукашева Қазан қаласындағы Бүкілдүниежүзілік жазғы Универсиадада ұлттық рекордпен жеңіске жеткені үшін “Облысымыздың 2013 жылғы үздік спортшысы” атанды.
Ал 2014 жылғы Сочидегі қысқы Олимпиадада ел намысын қорғайтын конькишілеріміз Дмитрий Бабенко мен Роман Кречті дайындағаны және өткен жылғы озық жетістіктері үшін Александр Суровяткин “Облысымыздың 2013 жылғы үздік жаттықтырушысы” атағына ие болды.
Баяндамашы өткен жылы саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарына оның алдындағы 2012 жылға қарағанда 3685 адам қосылып, бұлардың жалпы саны 143808 адамға жеткенін назарымызға салды.
Өткен жылы өңіріміздің спорт құрылыстарына 14 нысан қосылып, барлығы 2227-ге жетті. Бұлардың 1819-ы – ауылдық жерлерде.
Мақсат – бұқаралық спортпен бірге жоғары шеберлікті де дамыту. Бұл ретте өңірімізде 1 ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (Алексей Луценко, велоспорт), 8 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 36 спорт шебері, 133 спорт шеберіне кандидат және 200 бірінші дәрежелі спортшы даярланды.
Жиында осы саладағы басқа да жетістіктер тілге тиек етілді. Алайда, олқылықтар да айтылмай қалған жоқ. Ауылдық округтерде спорт жөніндегі нұсқаушы-әдістемешілер жетіспейді. Мәселен, мұндай мамандар 190 ауылдық округтің 135-інде ғана жұмыс істейді. Аудандардағы Дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің басшылары ауылдарда бұқаралық спортты ойдағыдай дамытуы үшін округтер әкімдерімен, ЖШС-лермен және басқа да шаруашылық жүргізуші құрылымдармен байланыс орнатуы керек.
Дене тәрбиесі ұжымдарының қатарын көбейту – бұқаралық спортты дамытудың тура жолы. Алайда, әзірге өңірімізде осындай 982 ұжым болса, бұл облыс тұрғындарының жалпы санына шаққанда аздық ететіні, олардың қатарын молайту қажеттігі баса айтылды.
Елбасымыз республиканың спорт саласы басшыларына ұлттық спорт түрлерін дамыту міндетін жүктегені белгілі. Мұның ішінде ұлтымыздың байырғы бет-бейнесіне баланатын қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ және басқалары бар. Алайда, біздің өңірімізде бұларға ішінара көңіл бөлетін яки мүлде назар аудармайтын аудандар бары ақиқат. Мысалы, мұндай жағдай Тимирязев және Есіл аудандарында қалыптасқан. Жамбыл ауданында көкпармен айналысатын спортшылар жоғы атап өтілді.
Қысқы спорттың ең лайықты әрі кеңінен шұғылдануға болатын түрлеріне де жер-жерлерде бірдей ықылас қойылып отырған жоқ. Шаңғы, биатлон, коньки үйірмелері жоқтың қасы. Табиғаттың өзі тудырып отырған жағдайларды қолайлы пайдалануға енжарлық пен немқұрайдылықты қалай түсінуге болады? Бұл ретте қысқы спортпен айналысатын бірде-бір бөлімше жұмыс істемейтін Тимирязев ауданы қатаң сынға алынды.
Жиында өңірімізде спортты дамытуға, жоғары шеберлік санатындағы спортшыларды даярлауға сіңірген еңбегі үшін бір топ жаттықтырушылар марапатталды. Балалар мен жасөспірімдердің “Жеңіл атлетика” спорт мектебінің директоры Александр Мицих облыс әкімі Самат Ескендіровтің Алғыс хатын иеленді. Балалар мен жасөспірімдердің Тайынша (Валерий Самохвалов), Аққайың (Олег Гаврик), Ғ.Мүсірепов атындағы аудандық (Татьяна Заболотная) спорт мектептерінің жаттықтырушы-ұстаздарының, Қ. Байболов атындағы (Рафаил Сингатулин), “Қарасай” (Юрий Чуприков) спорт мектептері бапкерлерінің, олимпиадалық резервті даярлау мектебінің директоры Сергей Перминнің еңбектері басқарманың Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықпен аталып өтілді.
Аудандар арасында бірінші орынды Ғ. Мүсірепов атындағы аудан иеленсе, тайыншалықтар – екінші, шалақындықтар үшінші орын үшін жүлдемен марапатталды.