Петропавл кәсіптік колледжінің ұжымы Елбасының Жолдауын үлкен ықыласпен тыңдап, ел тынысына тың серпін әкелген маңызды құжатты қызу талқылады.
Серік ЖОЛЫМБЕТОВ,
ЕС-164/3 түзету мекемесіндегі
Петропавл кәсіптік колледжінің шебері.
Жолдауда бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, орта білім беру жүйесін дамыту, студенттердің шәкіртақысын арттыру мәселелері жан-жақты айтылған. Кәсіптік білім беру саласы да назардан тыс қалған жоқ. Дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру жұмысшы кадрлардың біліктілігін және оларға деген сұранысты арттыратыны сөзсіз. Мемлекет басшысы жастардың кәсіптік білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажеттігін атап өтті. Түзету мекемесіндегі кәсіптік колледжде білім алып шыққан азаматтар да өмірде өз орындарын тауып, екі қолға бір күрек табады деген сенімдеміз.
Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакетін қайта қарау олардың кәсіби біліктілігін арттырып, беделін асыра түсуге ықпал ететіні сөзсіз. Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру жолында Елбасының Жолдауы әр қазақстандықтың жарқын болашаққа деген ынтасын жігерлендіре түседі деп ойлаймыз.