Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровпен кездесті.
Министр Мемлекет басшысына 2013 жылдағы жұмыс қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев министрліктің жаңа өкілеттіктерге ие болуы мен оған су ресурстары, аң аулау және орман шаруашылығы жөніндегі, сондай-ақ балық шаруашылығы комитеттерінің берілуінің маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы білікті кадрларды, атап айтқанда, су ресурстарын басқару және трансшекаралық өзендер мәселелері жөніндегі халықаралық келіссөздерді жүргізу саласындағы мамандарды даярлау жайына назар аударды.
Бұған қоса, Қазақстан Президенті халықаралық тәжірибені ескере отырып, елімізде “жасыл экономиканы” дамытуға үйлестірілген және кешенді көзқарас қалыптастыру қажеттігіне тоқталды.
Кездесу барысында Н.Қаппаров ведомствоның “жасыл экономика” саласындағы қызметі жайлы, сондай-ақ су ресурстары мен тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару бағдарламаларын әзірлеу туралы хабардар етті.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы белгіленген бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды, атап айтқанда, аталған бағдарламаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын дайындауды бастауды тапсырды.
… НҰРТАЙ ӘБІҚАЕВТІ ҚАБЫЛДАДЫ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевпен кездесті.
Н.Әбіқаев Қазақстан Президентіне ведомствоның қазіргі қызметі және басымдығы бар алдағы міндеттері туралы баяндады.
Кездесу барысында азаматтар мен қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы негізгі бағыттар, сондай-ақ халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Akorda.kz