Биылғы жылы Қазақстанда мәслихат институттарының жергілікті өкілетті органдардың құрылғанына 20 жыл толады.
Қайырлы ЕДІРЕСОВ,
облыстық мәслихаттың хатшысы.
Мәслихат депутаттарын облыс, қала немесе аудан тұрғындары сайлайды, халықтың еркін білдіреді, Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды анықтайды және олардың жүзеге асыруын бақылайды.
1993 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданып, жаңа егемен мемлекеттің базалық негіздері құрыла бастады. Сол жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі “Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы” Заң қабылдады, ол өз кезегінде жергілікті мемлекеттік органдардың атауы мен құрылымына маңызды өзгерістер енгізді. Жергілікті өкілетті органдар мәслихаттар деп атала бастады.
Мәслихатқа алғашқы сайлау 1994 жылғы наурыз айында өтті. Солтүстік Қазақстан облысында 45 сайлау округі құрылып, депутаттыққа 103 кандидат ұсынылды. Бірінші шақырылған облыстық мәслихаттың – депутаттар жиналысының (бұл сайланбалы органдардың бастапқы толық атауы осылай болған) алғашқы сессиясы 1994 жылғы 30 наурызда болды. Облыс тұрғындары арасында беделі зор Ерембек Жәмшитұлы Әубәкіров облыстық мәслихаттың – депутаттар жиналысының хатшысы болып сайланды.
Сессияларды, тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралған мәселелерді сараптай отырып, сол кезде қаралған мәселелердің кең ауқымы депутаттардың облыс өмірінің барлық жақтарына баса назар аудара қарағандарын көрсететінін байқаймыз. Депутаттар өз жұмысында адамдардың, сайлаушылардың мүддесін қорғап, осы мүдделердің теңгеріміне қол жеткізу сияқты басты бағытты басшылыққа алған.
Бес жарым жылдан кейін, 1999 жылғы 10 қазанда екінші шақырылған облыстық мәслихаттың сайлауы болып өтті. Сайлау баламалы негізде болып, 31 депутат сайланды. Екінші шақырылымдағы (1999-2003 ж.ж.) депутаттар құрамына алдыңғы шақырылымнан 7 депутат сайланды. Олар – Р.И.Полищук, Е.Ж.Әубәкіров, В.А.Бондаренко, Н.Б.Туницкий, А.Н.Федоров, Г.И.Фиголь, А.К.Заруцкий. Екінші шақырылым жұмыс істеген жылдары “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы” жаңа Конституциялық заң қабылданды. Жаңа нарықтық қатынасқа өтпелі кезеңде депутаттық корпус өңірдегі экономиканың дамуына, атап айтқанда, “Табиғи монополиялар туралы” және “Жосықсыз бәсеке туралы” ҚР Заңдары тұрғысынан коммуналдық саладағы қалыптасқан жағдайға, нақтырақ, тарифтік саясатқа және басқаларға баса назар аударды. Депутаттар ел Парламентіне монополияға қарсы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар жолдады.
Үшінші шақырылым депутаттарының сайлауы 2003 жылғы 20 қыркүйекте болды. Бұл шақырылым даму мен қайта құрылу кезеңіне тұспа-тұс келді. Солтүстік Қазақстан облысы ел экономикасында маңызды рөл атқаратын, ірі индустриялық және аграрлық орталыққа айналды. Халық қалаулылары басты міндет тұрғындардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету, серпінді, инновациялық технологиялар негізінде экономиканы әрі қарай жетілдіру деп білді.
Ел үшін осы кезеңдегі маңызды оқиға ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру Стратегиясы” Жолдауы болды. Облыстық мәслихат депутаттарын бұл саяси құжат экономика, әлеуметтік сала, саясат мәселелерін жақсарту тұрғысында атаулы өзгерістер енгізілуімен қызықтырды.
Негізгі заңға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мәслихаттардың маңыздылығы мен өкілеттігін кеңейтудің нағыз серпілісі болды. Мәслихаттардың мемлекеттік биліктің жалпы жүйесіндегі орны мен рөлі жаңадан анықталып, олардың өкілеттігі барынша кеңейтілді. Енді мәслихаттар жергілікті тұрғындар сайлайтын орган ретінде жергілікті өзін-өзі басқарудың негізі болып отыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған 89-бабының 2-тармағында былай делінген: “Жергілікті өзін-өзі басқаруды халық тікелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақты тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру заңға сәйкес берілуі мүмкін”.
Барлық деңгейдегі әкімдерді мәслихаттардың келісуімен тағайындау нормасы енгізілді.
Конституциялық реформаларды іске асыру 2007 жылғы 18 тамыздағы төртінші шақырылған мәслихат депутаттарын сайлау болып табылды. Олар тағы да Елбасының “бұл үдерісте басты рөлді саяси партиялар ойнауы керек”, “партиялық механизмдерді нығайту заманауи азаматтық қоғам құруға, халықты қоғамдық үдерістерге кеңінен тартуға мүмкіндік береді” деген ойын нақтылай түсті. Облыстағы депутаттық корпусқа негізінен өмірлік тәжірибесі мол адамдар енді.
Төртінші шақырылымдағы облыстық мәслихат депутаттарының құрамы азаматтардың жоғары белсенділігімен баламалы түрде қалыптасты. Өкілетті органның өзегі ретінде депутаттық қызметте зор тәжірибесі мен еңбек өтілі бар, кезінде облыстық, қалалық, аудандық кеңестердің және мәслихаттардың депутаттары болған халық қалаулыларын айтуға болады.
Бірінші ұйымдастыру сессиясында “Нұр Отан” ХДП депутаттық фракциясының құрамы бекітілді. Депутаттық фракция жұмысының негізгі бағыттары партияның сайлауалды платформасын іске асыру жөніндегі өңірлік бағдарламаларды әзірлеу және бекіту; “Нұр Отан” ХДП филиалының қоғамдық қабылдауының жұмысына атсалысу; әкімдердің мәслихаттар мен халық алдында есеп берулеріне қатысу; мәселелерді шешу және есеп беру кезінде берілген уәделердің орындалу мониторингі; өңірде әлеуметтік бағдарламаларды және экономиканы әртараптандыру мен инновациялық дамуға байланысты бағдарламаларды іске асыруға қоғамдық бақылау; партияның әлеуметтік-экономикалық дамудың өңірлік бағдарламаларына ұсыныс енгізу механизмін әзірлеу және іске асыру; сайлаушылармен кездесу және оларға есеп беру болып табылады.
Қазақстандық қоғамды демократияландыру үдерісінде мәслихаттардың өкілеттігі барынша өсті, оған ауылдық округ әкімдерін аудандық мәслихат депутаттары сайлайтындығы куә болып отыр. Бұл жергілікті өкілетті билік органдарының рөлі мен беделін, сайланған әкімдердің мәслихаттар мен халық алдындағы жауапкершілігін арттыра түсті.
Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылуына 20 жыл толуы қарсаңында олар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың реформаторлық бағытын жақтайтындықтарын өз істері арқылы көрсетті.
Осы жылдардағы өкілетті органдардың жұмыстарын сараптай келе, өңірдің табысты әлеуметтік-экономикалық дамуында біздің депутаттардың да сүбелі үлесі бар деп атап көрсетуге болады. Себебі, біздің облыста ауыл шаруашылығы өркендеген, облыстағы депутаттар корпусының 60 пайызға жуығы агроөнеркәсіп саласының басшылары болып табылады, ал аграрлық секторды дамытудағы сәттіліктер солардың қолымен жасалса, әлеуметтік серіктестік мәселелеріне шағын және орта бизнес өкілдері қатысады.
Ақпараттық топтар құрамындағы депутаттар маңызды құжаттарды түсіндіруге белсене қатысады. Депутаттық фракцияның құрамында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің, партиялық бақылау комиссиясының жұмыстарын жүргізеді. Олар аумақтарды дамыту, облысты индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламаларының іске асырылуын бақылауды жүзеге асырады. Халық қалаулылары қайырымдылық акциялардың, іс-шаралар өткізу кезінде демеушілік көмектердің бастамашысы болып отыр.
Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихат шекаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Ресей Федерациясының көршілес облыстарындағы заңнамалық органдармен байланысты қалпына келтірді. Түмен облыстық Думасымен, Омбы Заң шығару Жиналысымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойылды.
Мәслихат қызметінің нәтижесін жақсартуға көптеген факторлар әсер етеді. Біз жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың өзара тиімді әрекетін қамтамасыз етуіміз керек: бұл – өңірлердің үдемелі дамуының іргетасы. Депутаттардың әлеуетін халық алдында беделі мен сенімі бар адамдар ретінде белсенді пайдалану керек. Алғаш сайланған депутаттарға депутаттық қызметтің негіздері мен ерекшеліктерін әртүрлі үлгілер мен мүмкіндіктерді пайдалана отырып, үйрету қажет. Депутаттардың сайлаушылар алдындағы беделін және олардың әкімшілік аумақтардың, нақты елді мекендердің мәселелерін шешудегі жеке жауапкершіліктері мен жалпы мәслихаттардың жауапкершілігін табандылықпен арттыруға қол жеткізу қажет.