Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұл Сергей Снурницынмен бірінші жүздесуім еді. Осыған дейін оны өңіріміздегі “Сладка ягода” өнерпаздар тобының жетекшісі әрі сырнайшысы ретінде танып келсем, сол күнгі кездесуден кейін Сергей Федоровичтің өн бойында басқа да өнердің тұнып тұрғанын байқадым. Ол ақын, сазгер, сырнайшы, философ, спортшы екен. Шығармашыл адамның қиялшыл келетіндігінен бе, әлде ғұмырының 40 жылын өнерге арнаған жанның шынайы жанашырлығы ма, Сергей Федорович бүгінгі мәдениетіміздің даму үдерісіне көңілі толмайтынын жеткізді.
– Менің мәдениетте талай жыл қызмет етіп, талай өнерпаздар ортасын көргендіктен, бұл салаға сын айтуға құқым бар деп ойлаймын. Бүгінде мәдениет пен өнерде жүрген әріптестерім оған ренжімесін. Мұны олар өмірін өнермен қадірлеп келе жатқан адамның ішкі жан сыры деп ұқсын. Біздің өңірде сонау жылдары өнерлерімен көрерменнің көңілін жадырататын талай ұжым қалыптасты. Бірақ сол ұжымдарды да, сондағы білікті мамандарды да сақтап қалудың амалын жасамаппыз, сол өкінішті. Енді, міне, мәдени ортаның деңгейін көтере алмай келеміз, – деді.
Оның пікірінше, бүгінде мәдениет саласы түбегейлі өзгерген. Бірақ ол сол жаңашылдықтың кемшін тұстары көп екендігін алға тартты. Бүгінгі қоғам халықтық өнерді бағалаудан, өнерпазды құрметтеуден қалып барады. Оның бір себебі – сахнаға шыққан әншінің алдын ала таспаға жазып алған әуеніне тек аузын ашып-жауып қана жалған өнер көрсетуі дей отырып, мұндай көрініс көрерменнің өнерпазға деген сүйіспеншілігін төмендетеді, деді.
– Одан таланттың өрісі кеңеймейді, керісінше, мұндай тәсіл адамның бар талабын шөктіріп тастайды. Өнерпаз жұрттың жылы ілтипатына қарап ізденеді, өседі, саңлақтарға қарап еліктейді, дамиды. Бұл – жаңашылдыққа ұмтылу. Ал өнердің жеңіл жолын іздеу, оны табыс көзі ғана ету Тәңірдің берген сыйына қорлық жасау деп білемін. Бүгінде көрерменнің көңілі үшін емес, табыс табу үшін сахна төріне шығатындар көбейіп кетті. Бұл мәдениет саласына қаржының аз бөлінетіндігінен де шығар? Өнерпаздың еңбегі төмен бағаланады, жалақы аз төленеді. Сондықтан әртістер, әншілер күндерін көру үшін өнерлерін кім көрінгенге сатуға мәжбүр. Өкініштісі сол, – дейді ол.
Сергей Федорович – ақын. Ол – табиғат, сұлулық, махаббат тақырыбына ой толғап, қалам тартқанды ұнататын сөз шебері. Сондай-ақ ол – әуеннің әуезін терең түйсінетін сазгер. Ал оның отаншылдығы жеке әңгіме. Сергей Снурницын – Омбы облысының тумасы. Қызылжар өңіріне ол өткен ғасырдың жетпісінші жылдары білім қуып келіпті. Ол осындағы музыкалық училищені тамамдаған соң Бескөл ауылында еңбек жолына қадам басып, онда тоғыз жыл қызмет атқарған. Одан кейін жас өнерпаз Воронеж орыс халықтық хорына қабылданыпты. Төрт жылға жуық осы ұжыммен бірге шетелдердің біраз қаласын аралап, шеберлігін шыңдаған ол бұл бағытты жалғастырудың оңтайлы жолдарын байқаса да, өнерпаздың жан дүниесі Қызылжар топырағына қарай тартып тұрады.
– Мұнда менің ортам, достарым бар. Солармен анда-санда кездескеннің өзі жанымды жадыратады. Маған бұл жердің табиғаты ұнайды. Бораны, желі, ақырған қысы менің сезімімді тербетіп, шығармашылыққа жетелейді. Табиғатқа қарап, көңілден түрлі ойлар мен әуендер туындайды. Адам бұл өмірге жеп-ішу, сайран салу үшін келмеген болар. Адамды адам ететін – өмірдің мәні мен мағынасы туралы терең ойлар. Әр пенде еңбегімен өмірін сәнді етуі керек. Ол үшін өзіңнің ішкі әлеуетіңді толық пайдаланып, қоғамдық ортаға қажетті екендігіңді сезінудің өзі бақыт. Бірақ бүгінгі орта біздің ұсынатын өнерімізді қажет ете ме? Мұндай шындықты мойындаудың өзі адам жанын күйзелтеді, – деген сөздермен ол өзінің ішкі тебіренісін сездірген еді.
Тұла бойында отаншылдығы маздап тұрған ол патриоттық сезіммен бірнеше әнұран да жазып тастаған. Сергей Федорович облыстық Ішкі істер департаментінің, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты”
АҚ-ның, педагогикалық колледждің ән-ұрандарының сөзін де, әнін де жазған. Осындай дарын иесінің саламатты өмір салтын ұстану үшін қолданатын бірқатар әуесқойлығы да бар. Шымыр жан қыстыгүні ойыққа түсіп, қарда жалаңаяқ жүрудің денсаулыққа зор әсері бар екенін айтады.
Ол – жергілікті “Сладка ягода” ансамблін құрушылардың бірі. Сонау жылдары аталмыш ансамбльдің репертуары оның өз әндерінен құралғантын. Бүгінде ол сол жылдарды талабы толықсыған дәуреніндей елестетеді.
– Халықтық сипаттағы өнерді бағалаушылардың қатары жылдан-жылға сейіліп бара жатқандай. Воронеж хорының құрамында болған жылдары жұрттың өнерге деген көзқарасы өзгеше еді. Ал қазір тобымыздың өнерін тыңдаушылардың ортасын толтыру қиын. Бүгінде мен Омбы қаласындағы орыс мемлекеттік хорына әндер жазамын. Жергілікті “Звонница” тобының репертуарында 3-4 әнім болатынды. Бүгінде олар бір ғана “Свети и пой моя земля” әнімді орындап жүр. Осылайша жұрттың қандай әуенге әуестенетінін білу қиын болып кетті. Концерттерді ұйымдастырушылар ортаны көңілдендіретін әндер керек дейді. Мен оған келіспеймін. Көрерменді өнермен тәрбиелеу керек. Олардың мәдениеттің түп-тамырын түсінетіндей етіп жеткізе білу – біздің міндетіміз. Жұрт өнерге қарап, терең ойда қалуы керек. Сонда ғана адамдар бір-біріне мейірімді, өмірлерін шаттыққа толы етеді деп ойлаймын, – дейді Сергей Федорович.
Ақынның өлеңдер жинағын осыдан 15 жыл бұрын ресейліктер басып шығарыпты. Қазақ жерін Отаным деп білетін өнерпаз шығармашылығының еленбей келе жатқанын өзгеше қабылдайды.
– Мен 40 жасқа толғанда шығармашылық кеш ұйымдастырдым. Одан кейін ұмыт қалдық. Мүмкін, заман ағымы біздің шығармашылығымызды мойындауды шектеп тастаған болар, бірақ біз осы өңірдің өнері мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесіміз бар деп ойлаймын. Мен тұрмақ, біздегі Владимир Верещагин, Юрий Колчин сияқты талапты жерлестеріміздің еңбектерін бір бағалап қойса, жанға дауа болар еді ғой?! – деп жүрек түкпірінде жатқан ренішін байқатты.
Ол бір жылдары Ресей эстрадасының жұлдызы Валерий Леонтьевке арнап ән жазыпты. Ол “Вечный свет” деп аталады. Әннің шығу тарихы былай: Сергей Снурницын бірде Валерий Леонтьевпен жолыққанында атақты әнші оған демалыста түсірілген бейнетаспасын береді. Сонда атақты әншінің тауға шығып бара жатқан жері бейнеленген тұсында ақын-сазгердің шабыты оянып, көкірегінде құдайшылық туралы әуені туыпты.
Ол үшін осындай да бақытты белестер болған. Бүгінде Сергей Федорович өз ойымен арпалысып, жан дүниесін өлеңмен, әуенмен, сырнайдың сыңғыр үнімен тыныштандырып, арманның жетегінде өз-өзімен өмір сүруде.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.