«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЫСТАҒЫ АҒАЙЫН ӨКПЕЛЕП, АЛ ЕҢБЕК МИГРАНТТАРЫ КҮЛІМДЕП ТҰРҒАНДАЙ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Басы таудай, аяғы қылдай болған қазақ көші қаңтарылып қалудың аз-ақ алдында тұр. Әсіресе, қазағы аз солтүстік өңірде атажұртты аңсаған ағайындар арқылы санымыз бен сапамызды жақсарту қарекеті сәтсіздеу болып шықты. Тәуелсіздік алғаннан бері өңірге көшіп келген 36 мыңнан астам оралманның жартысынан көбі Қызылжарды жерсінбей кетіп қалған.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өзгесі өзге, өз ағайындарымыздың тұрақтамауының өзіндік себептері жоқ емес. Өткен жылдың соңғы айында халықтың көші-қонын реттейін заңға енгізілген толықтырулар да тағдыры басқа болғанымен, тамыры бір бауырларымыз үшін қолайсыз болып отыр. Керісінше аталмыш заң еңбек мигранттарына жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін ашуда.

ТӨЛЕМСІЗ, ТІРКЕУСІЗ ТӨРТ ЖЫЛ…

Мемлекеттен жылда бөлініп келген көші-қон квотасы тоқтатылған уақыттан бастап шетелден келген ағайындар Қазақстан азаматтығын алуда бірқатар қиындықтарға тап болды. Ал 2013 жылдың желтоқсан айында қабылданған “Халықтың көші-қон туралы” Заңдағы өзгерістер мен толықтырулар оралмандардың көңілін су сепкендей басты. Көші-қон заңының жаңа редакциясына тоқталар болсақ, онда оралмандардың көшіп келу квотасын және тиісінше ақшалай төлемдер мен өтемақыларды беруді тоқтату көзделген. Әрі оралмандар ел азаматтығына өтініш беру құқығына өздері қоныстанған өңірде 4 жыл тұрақты тұрғаннан кейін ғана ие болмақ. Қазыналы көшті кеудесінен итерген тұс осы. Өткен жылдың күзінде қоныс аударған Аманбай Зандыбек жаңа заң қалың көпшіліктің көңілінен шықпағанын жеткізді. Ол Моңғолиядағы Баян-Өлгейден көшіп келген екен. Ағасы Жалғас та отбасысымен бірге қоныс аудармақ болған көрінеді. Заңдағы өзгерістерге байланысты енді ағасы екі ойлы болып отырғанын айтыпты. Өйткені, Қазақстанға келер болса мұнда тұрақтайтын баспана жоқ. Азаматтық алу түгіл тұрақты тіркеуге тұрудың өзі мұңға айналған.

– Бастапқы кезде жұмыс табу да оңай емес. Тіркеуде тұрмасаң, ешкім жұмысқа алмайды. Ағам отбасысымен бірге келер болса, қиналып қалары анық. Енді өзім осы жақтан дұрыс жұмыс тауып, баспаналы болған уақытта ағамның көшуіне көмектессем деймін. Төлемақы берілген жағдайда бастапқы кезде амалдай тұратын едік. Баян-Өлгейдегі қазақтар туған жердің топырағын құшырлана иіскеуге ынтық. Тек туған жерде қаңғырып қаламыз ба деп қорқады, – дейді Аманбай Зандыбек.

Көші-қон саласының мамандары болса, оралман мәртебесінің иегерлері үшін басқа әлеуметтік көмектердің барлығы сақталып отырғанын айтады. Яғни, оралмандар зейнетақымен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ заң аясында кез келген әлеуметтік көмек түрлерін алу құқығына ие. “Халықты жұмыспен қамту туралы”, “Тұрғын үй қатынастары туралы” заңдар да көшіп келген ағайынның құқықтарын шектемейді. Сондай-ақ заңның жаңа редакциясына сәйкес Үкімет оралмандарды қоныстандыратын өңірлерді айқындайтын болады. Оралман мәртебесі сол өңірлерге келгендерге ғана берілмек.

Оралман мәртебесінің жойылу жағдайларын да ескерген жөн. Мәселен, азаматтық алғаннан кейін, ықтиярхаттың күші жойылған жағдайда, оралман мәртебесін алған күннен соң 7 жыл ішінде азаматтыққа құжаттар тапсырмаған жағдайда, оралман мәртебесін алған өңірде 5 жыл тұрмай, басқа өңірге өз еркімен көшіп кеткен жағдайда оралман мәртебесі жойылмақ.

Жағдай жасалынды дегенімізбен, өңір бойынша соңғы үш жылдың мәліметі алыстағы ағайындардың келуге асық еместігін көрсетті. Мамандардың айуынша, оған иммиграциялау квотасының бекітілмеуі, пәтер алу мүмкіндігінің қиындығы, жұмысқа орналасу мәселесі, солтүстік өңірдің қатал климаттық жағдайы себеп болып отыр. СҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағы халықтың көші-қоны жөніндегі бөлімнің басшысы Ербол Хамзиннің айтуынша, соңғы жылдары этникалық қазақтардың атажұртқа оралу қарқыны жыл сайын төмендеуде. Соңғы үш жылда Солтүстік Қазақстан аумағында жалпы саны 943 адам, яғни 303 оралман отбасы қоныс аударып, тіркелген. 2011 жылы – 175 (641 адам), 2012 жылы – 81 (210 адам), ал өткен жылы небары 47 отбасы (92 адам) қоныстанған.

АҚЫСЫН ТӨЛЕП, АЛШАҢ БАСАДЫ…

Оралман ағайындардың көші-қон мәселесінде көңілді көншітпейтін тұстар көп болса, еңбек мигранттарын жаңа заң бір қуантып тастағаны анық. Өйткені, заңнамаға сәйкес бұдан былай еңбек мигранттары жалтақтамай, заңды түрде еңбек ете алады. Аз қаражатқа қанағат етіп, жүктелген жұмысты сапалы әрі жылдам атқаратын жалдамалы жұмыс күшінің игілігін қазақстандықтар да көрген болатын. Еңбек мигранттарын заңдастыру арқылы ел бюджетінің де қазынасы молаймақ. Олардан түсетін салық қаражаты шамамен 4-6 миллиард теңгені құрайды деп жоспарлануда. Әрі билік олардың елдегі қам-қарекетін бақылаумен қатар, сыбайлас жемқорлық фактілерінің де алдын алмақ.

Заңның жаңа талаптарына тоқталар болсақ, еңбек мигранттары шекарадан бері қарай өткеннен кейін ішкі істер органдарында бес күннің ішінде тіркелуі тиіс. Тіркеуден соң елде жеке істермен бір айдың көлемінде болуға құқы бар. Бұл уақыт ішінде олар жұмыс табады, жеке сәйкестендіру нөмірін алады, ай сайын 2 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаржыны төлейді. Сондай-ақ еңбек көшіп-қонушыларына дактило-фототіркеу енгізу арқылы бақылауды күшейту, еңбекші иммигрантқа берілетін рұқсаттың 12 айдан аспайтын мерзімін белгілеуді қарастыру бойынша да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жұмыс беруші жалақыны бермей, не болмаса шетелдікке қатысты күш қолданса, жәбірленуші сотқа жүгіне алады. Осылайша заң аясында еңбек мигранттарына жағдай жасалмақ.

Көші-қон туралы заңнамаға жеке тұлғалардың шетелдік жұмыс күшін пайдалануы тұрғысында да өзгерістер енгізіліп, жеке тұлғалардың үй шаруашылығына бір мезгілде бесеуден көп емес еңбек иммигранттарын тартуы туралы нормамен толықтырылды. Бұл екі қолға бір күрек іздеген еңбек мигрантына да, арзан жұмыс күшіне арқа сүйейтіндерге де қолайлы болмақ. Тек шетелден келген еңбек күші жұмыссыз жүрген отандастарымызды еңбек нарығынан ығыстырып, нәпақасынан айырмаса болғаны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp