Раушан ТЕКЕБАЕВА,
Қызылжар аудандық Жұмыспен қамту орталығының директоры.
Президентіміздің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын ел болып тыңдағанымыз шындық. Мен әлеуметтік саланың маманы ретінде Елбасының Үкіметке мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін ендігі жылдың 1 шілдесінен бастап 25 пайызға арттыруды тапсыруын толық қолдаймын. Себебі, жалғызбасты ана ретінде бұл мәселелерді терең түсінемін.
Сондай-ақ қазақстандықтарды қуантқан жаңалықтың бірі – азаматтық қызметшілер мен әлеуметтік қорғау саласында еңбек етіп жүргендердің жалақысының өсірілетіндігі. Шынында да, мүгедектерді, мүгедек балаларды күту – ауыр еңбек. Осы саланың қызметкерлері өздерінің еңбектерінің ескерілгеніне қуанышты деп ойлаймын.
Жолдауда қазақстандық білім саласының сапасын арттыруға қатысты да тапсырмалар берілді. Әр ата-ана баласының мектепке дейінгі білімнен бастап, жоғары оқу орнын тамамдағанша сапалы да бәсекеге қабілетті білім алуын қалайды.
Елдің ертеңі деген жастарға осындай жағдай жасалып жатқанда олар қызғыштай қорғауы тиіс жерімізді еш зиян келтірмей, тиімді пайдалану жайы ұмыт қалмады. Осы орайда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қатысты бірқатар тапсырмалар берілді. Мені ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің жағдайына баса назар аударылғаны қуантты. Себебі, ауылды дамытатын, ел экономикасын нығайтатын солар болмақ. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайыздайы ауылда тұратындығын ескерсек, ауылды жерлерде шағын және орта бизнесті дамыту көптеген мәселені шешер еді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.