Мұрат БЕКМҰХАМЕТОВ,
“Қаржы полициясы органдары ардагерлері ұйымы” ҚБ СҚО бойынша филиалының төрағасы.
Елбасының биылғы Жолдауын Қаржы полициясы ардагерлері ерекше ықыласпен қолдайды.
Менің ойымша, Жолдаудағы әрбір тапсырма – болашаққа жарқын жол ашатын келелі істердің бастауы. Биылғы Жолдаудың маңызды аспектілерінің бірі – Елбасының “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясын ерекше атап өтуі. Ол басты 7 құндылықты белгілеп берді. Оның бір негізі – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі.
“Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет. Мемлекеттің үкіметтік емес сектормен және бизнеспен өзара іс-қимылының жаңартылған тәсілдері керек. Заң алдындағы теңдік құқық тәртібінің шынайы негізі болуға тиіс.
Сот жүйесі іс жүзінде ашық және қолжетімді, қарапайым және барлық дауды тез шеше алатындай болуға тиіс. Барлық құқық қорғау жүйесі жұмысының сапасын арттыру қажет. Зор өкілеттілік пен құқық иеленген шенділер мінсіз мінез-құлқымен және жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленуге тиіс.
Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру”, – деді Елбасы.
Расында да, қазақстандықтар біртұтас майдан болып, сыбайлас жемқорлықпен күресу қажет және оның көріністеріне нөлдік төзімділік білдірулері тиіс. Сонда ғана біз “бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа” қол жеткізіп, Президент қойған барлық тапсырмаларды ойдағыдай іске асырамыз.
Сыбайлас жемқорлықпен және көлеңкелі экономикамен күрес бойынша біз бастаған істі қазіргі қаржы полицейлері сеніммен жалғастыруда. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларындағы тапсырмаларға сәйкес Қаржы полициясы органдары өз қызметін әр уақытта жетілдіру үстінде. Айта кету керек, өткен жылдың басынан Қаржы полициясының жұмысы жаңа басымдықтар негізінде ұйымдастырылған болатын, сандық көрсеткіштерден сапалық нәтижелерге ауысу жүзеге асырылды, есепке алу – тіркеу тәртібіндегі жұмыс оң жолға қойылды, қылмыстарды есепке алудан жасыру фактілері жойылды, арыздар мен хабарламаларды электрондық түрде тіркеу енгізілді, заңды бизнес қызметіне араласпау жұмысы қатаң бақылауға алынды.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау және оларды жөнсіз қылмыстық қудалау шеңберінен шығару мақсатында барлық өңірлерде жедел-тергеу тобының кезекшілері құрылды.
Мұнымен шектелмей, тергеуші мен жедел қызметкердің байланысын нығайту және олардың жұмыстарының нәтижелілігін көтеру мақсатында тәжірибеге “полицейлік” тергеу енгізілді.
Оның негізін арызды тіркеуден бастап, істі сотқа жолдауға дейінгі соталды өндірісін бірлесіп жүргізу құрайды.
Профилактикалық жұмыс күшейтілді. Басымдық қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың бастапқы кезеңдерінде алдын алуға ауыстырылды. Ол үшін агенттікте ақпараттық ресурстарды қолдану жолымен елдегі криминогендік жағдайды талдап отыратын мамандандырылған ахуалдық орталық құрылды. Ал облысымызда ақпараттық-талдау бөлімі ашылды.
Бұл шаралардың барлығы Елбасымыздың салиқалы саясаты арқасында жүзеге асып жатқан игі шаралар екенін ардагерлер қауымы мақтан тұтып айтады.