Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
– Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев жайында фильм түсіргендігін естіген түріктің “Истикляль” баспасының басшылығы хабарласып, фильмнің премьерасын Стамбулда өткізуге өтініш білдірді. Олардың фильмді көрсетудегі басты мақсаты түрік көрермендерін түркі әлемінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығымен таныстыру еді, – деді фильмнің режиссері әрі продюсері Марат Қоңыров.
Фильмнің премьерасы түрік тілінде өткен. Көрсетілімнен соң фильм режиссері мен Мағжанның бейнесін сомдаған актерлердің қатысуымен жергілікті арналарда тікелей эфирде бағдарламалар көрсетілген. Жергілікті арналармен келісімшарт жасалған. Ендігі кезекте “Мағжан” фильмі Түркия арналарында көрсетілетін болады.
Баспасөз конференциясында Мағжан рөлін ойнаған актер Дарын Қалиев те болды. Ол да түрік елінде өткен премьера жайында өз пікірін білдірді.
– “Түркі халықтары үшін Мағжан кім?” деген сұраққа жауап тауып қайтқандай болдым. Премьераға келген көрермендердің көптігін айтпағанда, фильмді тамашалаған адамдардың жан тебіренісі мені таңғалдырмай қоймады. Көрермендер ұзақ қол шапалақтады. Фильмнен кейінгі лебіздерінің өзі 2 сағатқа созылды. Картинада басты рөлдерді сомдаған актерлерге деген ілтипаттары ерекше болды. Олар Мағжан рөлін ойнаған актерлермен, әсіресе, Зылиха рөлін сомдаған актрисаны асыға күткен екен. Бірақ ол отбасылық жағдайына байланысты бара алмады, – деді Дарын Қалиев.
Алдағы уақытта бұл фильмнің премьерасы Ақмола және Қарағанды облыстарында өтпек. Петропавл қаласы әкімдігінің қаржылай көмегінің арқасында фильмнің DVD дискілерінің көшірмелері 3 мың данамен жасалып, өңірдің шалғай жатқан ауыл-аймақтарына, мектептері мен кітапханаларына таратылмақ. Режиссердің айтуынша, Алматы қаласында да фильм дискілері 5 мың данамен сатылымға түскен. Баспасөз конференциясында фильм режиссері Марат Қоңыров: “Мағжан Жұмабаевтың заңғар тұлғасын бір фильммен шектеу мүмкін емес. Сондықтан таяу болашақта көпсериялы кино түсіру ойымызда бар”, – деді.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.