Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,
журналист.
Өңірде ауыл әкімдерінің есеп беру кездесулері жалғасуда. Шал ақын ауданына қарасты Городецкое ауылдық округінің әкімі Әсмә Шәйкенованың Мерген ауылындағы қорытынды есебінде бұқара таза ауызсу мәселесі шешілсе деген өтініштілектерін білдірді.
Біржан Бірімжанов – Мерген ауылының байырғы тұрғыны. Зейнеткер соңғы жылдары елді мекеннің тұрмыс-тіршілігі әлдеқайда жақсарғандығын айтады. Қария жол, жарық, халықты жұмыспен қамту мәселелері толықтай шешілді деп отыр. Ауылдағы мектепке былтыр күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимараттың шатыры ауыстырылған. Сондай-ақ жылу қазандығы білім ошағынан бөлек шығарылыпты. Тек қазіргі таңда халықты қинап тұрғаны ауызсудың сапасыздығы, дейді ол.
Әсмә Торшақызының Городецкое ауылдық округін басқарып жүргеніне бірнеше жыл болған. Былтыр қызметіне қайта сайланған әкім алдағы уақытта “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша әр үйге су тартылатын болады деп сендірді. Оның айтуынша, бүгінде ауыл тұрғындары тіршілік нәрін үй маңынан қазылған құдықтардан ішіп отыр. “Негізінен Городецкое, Коновалов, Мерген сынды елді мекендер Есіл топтық су құбырларына қосылған. Енді “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша ауылдарға су тарататын сорғыреттеу желісін салу жоспарланып отыр. Бұл жоба іске асса, су әр үйге тартылатын болады. Бұл мәселе қазір жоғары жақта қаралуда. Міндетті түрде шешіледі”, – деді Әсмә Шәйкенова.
Мерген ауылының оқушылары бүгінгі күні облыстық, тіпті, республикалық деңгейде өтетін түрлі жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Алайда, балалардың спорттық додаларға дайындалуы қиынға соғып отыр. Ауылда спортзал жоқ. Жергілікті әкім кездесу барысында күрмеуі қиын бұл мәселе биыл шешіледі, деді. Жалпы округте қай салада болсын көрсеткіш жақсы.
“Біздің округтің қарамағына бес елді мекен кіреді. Тұрғындардың басым бөлігі мал және егін шаруашылығымен айналысады. Бұл ретте 2013 жылы “Городецкое” ЖШС-індегі астық қабылдайтын қырман күрделі жөндеуден өтті. Аталған серіктестікте жеке тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. Мәселен, тек Мерген ауылында жалпы аумағы 513,4 шаршы метр болатын екіқабатты үй салынды. Биыл да бұл шаруа жалғасын таппақ”, деді ауылдық округ әкімі.
Биыл “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша округке 1 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Осының арқасында кездесуде көтерілген сұрақтар бірте-бірте шешімін таппақ. Жалпы Мерген ауылының тұрғындары әкімнің жұмысына жақсы баға берді.