«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОЛАР АЛҒАШҚЫЛАР БОЛЫП ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мәслихаттың бірінші шақырылымына 45 депутат сайланған. Олар алғашқылар болып, жаңа тұрпаттағы жергілікті өкілетті органдарды құру үшін қолдан келгеннің барлығын жасады.

Бірінші шақырылымдағы депутаттық корпус халық қалаулыларының бұрынғы тәжірибесіне сүйенді. Бұл Кеңес Одағы кезіндегі тәжірибе еді. Алайда, нарықтық қатынасқа көшкен кезеңде демократия жағдайында уақытпен бірге адымдап, осы қайта құруға тән нормалар мен талаптарды ұғынып, игеру керек болды.

1994 жылғы наурызда алғашқы сессияда облыстық мәслихаттың тұңғыш хатшысы болып Ерембек Әубәкіров сайланды. Бұл уақытқа дейін ол кісінің депутаттық, өндіріс саласының басшысы, билік органдары жұмысынан жинаған тәжірибесі мол еді. Бірінші күннен бастап ол өзіне басты жүктемені алып, депутат және мәслихат хатшысы ретінде өз өкілеттігін жүзеге асыра отырып, кәсіпқой команда құрды.

Осы жылдар ішінде сан түрлі шағымдар мен мәселелер қаралды. Оның ішінде ең көкейкестісі: бюджетті нақтылау, жалақы, баға мен тарифтердің өсуі, ақысыз дәрі-дәрмек, шатырларды жөндеу, ТКШ жүйесін реформалау, елді мекендерді абаттандыру, қала құрылысы, еңбек көші-қоны және т.б. Ерембек Жәмшитұлы әр мәселеге мейлінше ұқыптылықпен қарап, проблемаларды жан-жақты талдап, оларды шешуге баса назар аударды. Экономикадағы, әлеуметтік саладағы қиындықтар өз шешімін табуды талап етті.

– Қабылдауға келген әр адамды тыңдап, оның жағдайын түсінуге тырысып, қажет жерінде қолдау көрсету керек болды. Себебі, олардың бірі соңғы үмітін артып келсе, енді бірі жай әңгімелесуге келетін. Әрине, көбісі мұң-мұқтаждығымен келетін, сондықтан олардың қиыншылықтарын көтерісіп, қайғысына ортақтасу қажет тұғын. Оларға көмектесу мүмкіндігі пайда болып, қайсысына болсын қолдау көрсеткенде өзің де бір марқайып қаласың, – дейді Ерембек Жәмшитұлы. – Депутаттарды облыстағы жағдайды жақсартсақ деген тілек біріктіріп тұрды. Сондықтан көп істі тындыруға қол жеткіздік.

Бірақ ол кезде экономикаға, өңірді әлеуметтік дамытуға қажетті шешімдерді қабылдау оңайға соққан жоқ. Алайда, әр уақытта депутаттардың арасында өндірістің әр саласының қыр-сырын, бюджет, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру ерекшеліктерін жете білетін басшылар мен мамандар болды. Олар сессияға енгізілетін мәселелерді талқылауда белсенділік танытып отырды.

Өздерінің өмірлік ұстанымында халыққа, өзінің сайлаушыларына қызмет етуге мүдделі мұндай адамдар аз емес. Әр шақырылымда белсенді жұмыс атқарған бұрынғы депутаттарды атап өтсек, олар: Анатолий Заруцкий, Виктор Бондаренко, Мұхамеджан Лұқбанов, Николай Туницкий, Екпін Әбиев, Төлеген Иманов, Александр Мерк, Сергей Чепурко, Жамал Ахметова. Олар өздеріне сайлаушылар артқан сенімді абыроймен ақтады.

Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті өкілетті органдар жүйесіне 15 мәслихат кіреді. Облыстық және аудандық мәслихаттар арасында тікелей бағынушылық болмағанымен, міндет ортақ болғандықтан, жұмысты тығыз байланыста атқарады. Сондықтан біз соңғы жылдары тұрақты комиссиялардың көшпелі отырысын жиірек өткізетін болдық, жергілікті жерлерге барып, өңірлік бағдарламалардың қалай орындалып жатқанын көріп, жаңа сұрақтар мен ұсыныстарды тыңдап, ескертпелерді назарға аламыз. Мұндай байланыс түрінің жемісі мол.

Аудандық мәслихаттардың бұрынғы хатшылары да бірнеше шақырылым бойы өкілетті биліктің бастауында алғашқы күннен тұрғанын, қазір де қоғамымызға пайда келтіруді жалғастырып жүргендерін де атап өту керек: Таңат Сүгірбаев (Жамбыл ауданы), Қанат Хамзин (Айыртау), Бауыржан Шериязданов (Есіл ауданы).

Қазақстан Республикасында мәслихаттардың құрылғанына 20 жыл толу мерейтойы қарсаңында бүгінгі күні де жастарды тәрбиелеуге атсалысып, мемлекетті дамытуға барынша үлес қосып жүрген тәжірибелі адамдармен қоян-қолтық жұмыс істегенімізді мақтан тұтамыз.

Облыстық мәслихат аппараты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp