Таяуда Ресейдің Түмен қаласында өткен әлем біріншілігінен солтүстікқазақстандық гір көтеруші Владислав Третьяков олжалы оралды. Ол әлемнің 22 елінен келген 250 спортшысы қатысқан додада күміс медаль еншіледі. Міне, осы спортшымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Владислав Владимирович, жеңісіңізбен құттықтаймын! Гір спортына алғашқы қадамыңыз есіңізде шығар?
– Рақмет! Спорттың аталмыш түрімен он бес жасымнан бастап айналысып келемін. Ең алғашқы бапкерім Шал ақын ауданындағы Афанасьевка орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі болған әкем еді. Бүгінде ол – ауыр атлетика және гір спортынан жаттықтырушы.
– Алғашқы сайыстарда қандай нәтиже көрсетіп жүрдіңіз?
– Мақтанғандық емес, бірақ әкемнің қарамағында жаттыға жүріп, сайыстарда спорт шеберінің нәтижесін көрсетер деңгейде болдым. 17 жасқа толғанымда облыс орталығына көшіп келіп, Петропавл темір жол колледжіне оқуға түстім. Оқуға түстім екен деп спорттан қолымды үзбедім. Сөйтіп, 2006 жылы ресми түрде спорт шеберінің нормативін орындадым. Жас болсам да, қарсыластарымнан озық болуым орынды еді. Себебі, мені жаттықтырып жүрген әкем Владимир Третьяков бүгінге дейін қырықтан астам жоғары санатты спортшыны тәрбиелеген атақты жаттықтырушы Николай Лаврентьевтің шәкірті болған. Әрі өзі штанга көтеруден спорт шеберіне үміткер болды. Атам да Николай Федоровичпен етене жақын болған екен. Тұңғыш рет қатысқан ел біріншілігінен бастап жүлдегерлер қатарынан көріне бастадым. Алғашқы біріншілікте топ жарып, жеңімпаз атансам, 2007 жылы жастар арасындағы ел біріншілігінде қола медальді еншіледім. Ал 2008 жылдан бастап ересектер арасында сынға түсе бастадым. 2009 жылы айым оңымнан туып, Еуропа чемпионатын, 2010 жылы Финляндияда өткен әлем біріншілігінде жеңістің бірінші сатысына көтерілдім. Халықаралық спорт шебері нормативін Еуропа кубогында орындадым. Тек 2011 жылы Нью-Йоркте өткен бәсекелі жарыста жергілікті қазылардың қиянатынан екінші болдым.
– Жоғары дәрежелі сайыстарға баптап жүрген жаттықтырушыларыңыз туралы айтып өтсеңіз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, егер бұған дейін әкемнің, Николай Лаврентьевтің қарамағында спорттың қыр-сырына үйренсем, бүгінде жоғары санатты жаттықтырушы-оқытушы Андрей Глывяктың қарамағында жаттығудамын.
– Спорт залында шелектеп тер төгіп, сайыстарға қатыса жүріп, үйленіп үлгерген екенсіз…
– Мен қатарластарыма қарағанда ерте, 19 жасымда үйленген болатынмын. Колледжде оқып жүргенімде болашақ жарыммен таныстым. Содан бері жарыммен бірге 4 жасар қызымды тәрбиелеудеміз. Әзірге өз баспанамды сатып алатын деңгейге жеткенім жоқ. Көптеген жас отбасылар сияқты пәтер жалдап тұрып келеміз.
– Темір жол колледжін “Темір жол құрылысшысы” мамандығы бойынша аяқтаған екенсіз. Жұмысқа орналаса алдыңыз ба?
– Бір өкініштісі, колледжден соң мамандығым бойынша жұмысқа кіре алмадым. Отбасымды асырау қамымен Семей қаласына келісімшарт бойынша әскерге бардым. Ол жақта да спорттан қол үзген жоқпын. Әскер атынан 3 жыл сайыстарға қатысып отырдым. Кейін келісімшарт ұзартылмаған соң бір уақыт жүк тасып, отбасымды асыраудың амалын жасадым. Өздерінің қиындықтарына қарамастан, шама-шарқынша көмек қолын созып жүрген ата-аналарымызға мәңгілік қарыздармын.
– Қарап отырсам, біраз қиындықты басыңыздан өткерген екенсіз. Сонда әлем жеңімпазы, Еуропа жүлдегері болып, Қазақстан, ел намысын абыроймен қорғағанда Сізге ақшалай сыйлықтардың табысталмағаны ма?
– Жоқ. Гір спорты олимпиадалық емес спорт түрі болғандықтан, тек медальдар мен грамоталармен марапатталдым. Бірақ, бәрі тек қана қаражатқа тіреліп отырған жоқ. Мен үшін бастысы – сайыстарда бапкерлерімнің, туған-туысқандарымның сенімін ақтау.
– Жарыстарда қандай салмақ дәрежесінде сайысқа түсесіз?
– Қазіргі уақытта 73 килограмм салмақ дәрежесінде сайысқа түсемін. Әзірге бұл салмақта тек екінші орындардан көрініп жүрмін. Себебі, бәсекелестік мықты әрі тәжірибелі спортшылар көп. Сондықтан бұған дейін топ жарып жүрген 68 килограмм салмақ дәрежесіне оралуды жоспарлап жүрмін.
– Түмен қаласында өткен әлем біріншілігіне дайындығыңыз ерекше болды ма? Дайындық барысында кімдер көмек қолын созды?
– Бастапқыда облыс және колледждер біріншіліктеріне қатысып жүргенімде әкем қорадағы малды сатып, жолыма қаражат тауып беретін. Сол үшін әкеме ризамын. Себебі, ол әр уақытта маған сеніммен қарады, алдағы сайыстарда топ жаратыныма сенімді болғанды. Сондай-ақ халықаралық сайыстарда жеңімпаз атанып жүрген әріптестерім Андрей Свистунов пен Виталий Диденко да ақыл-кеңестерін аямады. Техникамды жетілдіруге көп жәрдемдесті.
– Финляндиядағы әлем біріншілігінде Сіз қандай нәтиже көрсеттіңіз?
– Ол жарыста менің салмақ дәрежемде 15 спортшы сынға түскен болатын. Дегенмен, қарсыластарымнан қаймықпай, 32 килограммдық гір тасын 60 мәрте көтердім.
– Ал Түмендегі біріншілікте басты қарсыласыңыз кім болды?
– Түмендегі басты қарсыласым 73 килограмм салмақ дәрежесінде үздіктер қатарынан көрініп жүрген мықты спортшы Александр Хвостов еді. Бұған дейін біз Еуропа чемпионатында да кездескенбіз. Түменде гір тасын жалпы 174 рет көтеріп, әлем рекордын жаңарттым.
Аталмыш додада Қазақстан атынан 65 спортшы сайысқа түссе, оның 16-сы біздің облыстың гір көтерушілері болды. Жоғары дайындықпен барған жерлестердің нәтижелеріне тоқталар болсам, 85 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Александр Марчук алтыннан алқа тағынды. Ал Александр Лузан, Радик Арсланов, Павел Керекеша, Виталий Диденко, Елена Костенко күміс медаль еншіледі. Қолаға қол жеткізгендердің қатарында Ерлан Жантасов, Михаил Вологодский, Мария Наумова, Михаил Косинов, Сергей Басов және Сергей Гутевич бар. Сөйтіп, өңір құрамасы үшінші орынға табан тіреді.
– Бүгінде тұрақты жұмысқа орналасқан соң спорттан кетемін деген ой туған жоқ па?
– Бұл туралы әлі ойланған емеспін. Шамам келгенше қызмет пен спортты қатар алып жүру ойымда бар.
– Өткен жылы тағы қандай жарыстарға қатыстыңыз? Жүлделі орындардан көріне алдыңыз ба?
– 2013 жылы екі ірі біріншілікке қатысып, жеңіс тұғырынан көріндім. Нақты айтқанда, Ирландияның Вексфорд қаласында өткен Еуропа чемпионатында екі күміс медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болдық. Ал Көкшетау қаласында өткен гір спортынан ел біріншілігінде алтыннан алқа тағындым. Бір атап өтерлігі – аталмыш сайыстарда гір көтеруден нағыз құрыштай сом саңлақтармен сайысуға тура келді. Дегенмен, намысты қолға бермей, жігер танытып, жеңістің биік сатысына көтерілдім. Ел біріншілігінде солтүстікқазақстандықтар жалпыкомандалық есеп бойынша топ жарғандығы ерекше мерей болды.
– Ал үстіміздегі жылы қандай жоспарыңыз бар?
– Қазіргі уақыттағы басты мақсатым – Қазақстан біріншілігінде топ жару. Одан соң іріктеуден өтіп, әлем біріншілігінде жеңіске жету. Аталған жоспарым орындалса, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағына қол жеткіземін деген үмітім бар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Рашид ИСМАИЛОВ,
қоғамдық тілші.