Сырым МҰХАМЕДИН, Кеңес орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі.
Әр жыл сайын халық күтетін Жолдауды біз де ұжым болып тыңдадық. Бұл – ел өміріндегі ерекше бір белес. Өйткені, ол – барша қазақстандықтардың өміріне, болашағына қатысты құжат. Ертеңінің бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық білген елдердің қандай жеңістерге жеткенін тарихтан білеміз. Біздің еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда, алдағы 30 жылымызды ойла-сақ, енді жүрісімізді дұрыстап, тынысымызды жөндеп алғанда Мәңгілік Ел деген мұратты алға қойып отырмыз. Мәңгілік Ел деген – халықтың жағдайы, Мәңгілік Ел деген – елдің өрлеуі, Мәңгілік Ел деген – жарқын өмір.
Әрине, өзім білім саласында жүргендіктен, Елбасының ғылым-білімге қатысты айтқан сөздері жаныма жақын. Мемлекет басшысы балабақшадан бастап, мектептердің, жоғары оқу орындарының болашағы, студенттердің шәкіртақысы, ғылымның дамуы, кәсіптік білім – осылардың барлығын нақтылап айтып берді.
Жолдау барлық қазақстандықтардың алдына үлкен міндет қойып отыр. Үлкен жұмыс, үлкен өрлеу басталды. Осы “Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет” деп, Елбасымыз ашып айтты. Осының барлығы жүйелі түрде, сәтті іске асуы үшін әрбір қазақстандық “менің де міндетім, үлесім бар” деген жауапкершілікті сезінуі керек.
Елбасының халыққа Жолдауын “сүйікті халқым” деген жүрекжарды тілегімен аяқтауы болашаққа деген үмітімізді бекітіп, сенімімізді арттыра түседі.
Шал ақын ауданы.