«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕМІРҚАЗЫҚТАЙ АЙҚЫН БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,

ҚМДБ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында Қазақ елінде 22 жылда қыруар іс тындырылғаны жайында сөз қозғаған еді. “Бүгінгі Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!” – деген Елбасымыздың сөздері барша қазақстандықтарды жігерлендіріп, осы идеяны іске асыру үшін барынша талпыныс жасауға серпін береді.

Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысындағы Дін саласының қызметкерлері де Мемлекет басшысының “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Қазақстан халқына Жолдауын қолдайтынын айта кету қажет. Ұлт көшбасшысының аталмыш саяси маңызы зор құжатта халыққа жүктеген тапсырмаларын орындау мақсатында біздің белсене атсалысатынымызға сенім мол. Бүгінде өңіріміздегі мешіттерде Ислам дінін ұстанатын сан алуан ұлт өкілдері Аллаға құлшылық етуде. Айта кетерлік жайт, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының бастамасымен Қазақстан халқы облыстық ассамблеясындағы этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесулер жиі өткізіліп тұрады. Бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде облысымыздағы сан алуан ұлт өкілдері арасында діни толеранттылық пен ынтымақтастық орнаған.  

Елбасымыздың биылғы Жолдауында 10 жаңашыл идеяны атап көрсеткені белгілі. Осы биік белестерді бағындырудың арқасында “Қазақстан – 2050” Стратегиясының мақсаттары іске асырылатын болады. Аталмыш Стратегия халқымыз үшін темірқазық тәрізді. Себебі, ол барша қазақстандықтарға келешектің кемел жолында айқын бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп тұрады.

Елін сүйген, елі сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында Қазақстанда 140 этнос өкілдері татулық пен бірлікті паш етіп, игілікті өмір сүруде. Қазақстан халқы Ассамблеясы да осының бірден-бір дәлелі ғой. Қазақстан Республикасының Президентінің бастамасымен бірнеше жылдан бері елордамызда әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп тұрады. Мұның өзі Ұлт көшбасшысының ұстанған сындарлы саясатының толағай табысы болып саналады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp