Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық Аграрлық үйде “Ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары және облыс агроөнеркәсіп кешенінің 2014 жылғы жоспарлары” тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Оны облыс әкімінің кеңесшісі Әсем Уақышева ашып, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серікбай Тұралиновқа сөз берді.
Жыл қорытындысына талдау жасаған басқарма басшысы сөзін облыс экономикасының құрылымындағы аграрлық сектордың үлесінің өңірлік жалпы өнімнің 30 пайызын алатынынан бастады.
– 2013 жылдың 9 айында еңбек өнімділігі 15 пайызға артты, ал ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің нақты көлем индексі 13 пайызға өсті. Облыс өз өндірісі есебінен тұрғындардың негізгі азық-түлік тауарларына сұранысын қамтамасыз етті. Өткен жылы 5,2 млн. тонна көлемінде астық жиналды, бұл сыртқы нарыққа шамамен 2,1 млн. тонна астық шығаруға мүмкіндік береді. Біздің астығымыз өзінің жоғары сапасының арқасында зор сұранысқа ие, үшінші сыныпты астықтың қамырлылығы 23-28 пайызды құрайды, сондықтан 40-тан астам жақын және алыс шетелдерге жіберіледі, – деді Серікбай Шәріпұлы.
Одан кейін баяндамашы 2013 жылы жалпы өнім көлемінің 277,3 млрд. теңге құрағанына тоқталды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 10 пайызға өсіп, 481 мың теңгені құраған. Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру жыл ішінде 1,2 есе өскен (176,5 млрд. теңгеден 202,8 млрд. теңгеге дейін), жалпы көлемдегі мал шаруашылығы өнімдерінің үлесі 27 пайызды құраған және 74,2 млрд. теңге көлемінде түзілген.
2013 жылы дәнді және бұршақ дақылдары алқабы кеміп, 3 млн. 573,6 мың гектарды құрады, соның ішінде бидай 2945,3 мың гектарда өсірілді. Бұрнағы жылмен салыстырғанда бидай алқабы 162,2 мың гектарға кемітіліп, есесіне басымдық алған дақылдар алқабы кеңейтілді. Мысалы, 55,5 мың гектарға ұлғайтылған майлы дақылдар алқабы 439,1 мың гектарға жетті, сол сияқты 68,5 мың гектарға кеңейген жемазықтық дақылдар 319,7 мың гектарда өсірілді.
Ауыл шаруашылығы құрылымдары өткен жылы сомасы 17,3 млрд. теңгенің 1187 заманауи техникасын алған, бұл 2012 жылғыдан 21 пайызға көп. Оның 7,4 млрд. теңге тұратын 397-сі “ҚазАгроФинанс” АҚ арқылы агролизингке алынған. 2013 жылы 7 элеватор және 123,4 мың тоннаның астық қоймалары пайдалануға берілді.
Басқарма басшысы мал шаруашылығын дамыту жайын да сөз етті. Жыл қорытындысы бойынша агроқұрылымдардағы қара мал үлесі 19-дан 22 пайызға дейін, фермерлік шаруашылықтарда 7,6-дан 9,4 пайызға дейін өскен. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру тұрақты дамуымен сипатталады, ет өндірудің өсімі 2 пайызға, сүт 2,4 пайызға және жұмыртқа 13,1 пайызға қамтамасыз етілді. Осының бәрі Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан қара мал етінің экспорттық қуатын дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның нәтижесі. Облыста осы бағдарлама жүзеге асырылып жатқан жылдары 7,2 мың басқа арналған 22 асылтұқымды репродуктор құрылған, 6,9 мың басқа 5 семірту алаңы ұйымдастырылған. Облыс шаруашылықтары 63,8 мың бас ірі қараның жас қашарларын алды, соның ішінде 11,7 мың басы “Сыбаға” бағдарламасының аясында.
2013 жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне демеуқаржы түрінде 9,3 млрд. теңге, соның ішінде егіншілікке бөлінгені 6,7 млрд. теңге, ал мал шаруашылығына 2,6 млрд. теңге берілді. Сонымен бірге “ҚазАгро” АҚ қаржылық институттары 863 агроқұрылымды 32,2 млрд. теңгеге қаржыландырды.
Өткен жылы ақпан айында жаңа “Агробизнес – 2020” бағдарламасы бекітілді, ол жаңа мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастырады, – деді Серікбай Тұралинов.
Жыл қорытындысын саралаған баяндамадан кейін БАҚ тілшілерінің сұрақтарына кезек тиді. Онда астықтың сатылу бағасы, “Сыбаға” бағдарламасының жүзеге асырылу жайы, аграрлық сектордағы еңбекақы көлемі және тағы басқа мәселелер сөз болды. Басқарма басшысы бүгінде астықтың сатылу бағасының шаруа қожалықтары үшін тоннасы 25 мың теңгеден, ЖШС-лерде 28 мың теңгеден түзіліп отырғанын айтты. Сол сияқты “Полтавское” ЖШС-і мен “Леонов” шаруа қожалығының шығын болған мал басының жағдайына байланысты олардың орнын толтыратын асылтұқымды малдың жеткізіліп жатқанын жеткізді.
Ауылдықтардың еңбекақы мәселесіне орай Серікбай Шәріпұлының айтқаны: өткен жылы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің орташа айлық еңбекақысы 58 603 теңге болған. Бірақ еңбекақыны кешіктіріп төлеу әлі де орын алуда. Бұл мәселе бақылауға алынған кезде 31 агроқұрылымның өз еңбеккерлеріне 131 миллион теңге еңбекақы қарызы болса, осы бағытта кең көлемді жұмыс жүргізудің нәтижесінде қазір 7 шаруашылықтың өз еңбеккерлеріне 32 миллион теңгедей қарызы қалды.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.