Облыстық прокуратура өткен жылдың жұмыс қорытындысын баспасөз конференциясында мәлімдеді. Облыс прокуроры Степан Зайтлер мен прокуратура басқармаларының басшылары 2013 жылдағы әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалауды жүзеге асыру барысы туралы әңгімелеп, журналистердің сауалдарына жауап қайтарды.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш кезеңде 1300-ден астам тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде 24 мыңнан астам бұзушылық анықталған. 20 мың адамның конституциялық құқығы қорғалып, 1 млрд. теңге шығын орнына келтірілген. Соның 540 млн. теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді (бюджетке 414 млн.). 25 мыңнан астам тұлға түрлі жауапкершілікке тартылған, 28 қылмыстық іс қозғалған. Прокурорлық қадағалау шаралары арқылы 655 заңсыз акт бұзылып, өзгертілген.
Облыстық прокуратура былтыр тексерістер жүргізуге ерекше назар аударыпты. Олардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың, кәсіпкерлердің, ветеринария, тұрғын үй, еңбек заңнамаларының бұзылғандығы анықталып отыр.
Прокуратура органдары азаматтардың еңбек құқығын қорғау бойынша бірқатар жұмыс атқарды. Қабылданған шаралар арқасында борыш сомасы 13,6 млн. теңгеге азайыпты. Қадағалау шаралары нәтижесінде 9604 жұмысшының 513 млн. теңгеден астам жалақысы бойынша берешек өндіріліп алынған. Былтыр прокурорлар 338 тұлғаның еңбек шартын жасамай, жұмыс істеп жатқанын анықтаған.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі жұмыс та қалыс қалмапты. 2013 жылғы 9 шілдеде “Козловский” жеке кәсіпкерлігінде заңсыз тексеріс жүргізген СҚО Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жөніндегі департаменттің басшысы А.Овчеренко әкімшілік жауапкершілікке тартылған. “БАРС СА” ЖШС-нің кәсіпкерлік қызметіне заңсыз араласқандығы үшін СҚО ІІД-нің бөлім бастығы Б.Ыбыраев та жаза алды. Ол қызметінен босатылып, тағы 2 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 11 қылмыстық іс қозғалған. Соның екеуі “Қазпочта” АҚ-ның Мағжан Жұмабаев және Қызылжар аудандарындағы пошта байланысы бөлімшелері басшыларының ақша қаражатын ұрлау фактісі бойынша. 5 қылмыстық іс Тайынша, Мамлют, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың Құрылыс бөлімдері басшыларына қатысты болып отыр. Лауазымды тұлғаларға орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойғаны үшін айып тағылған. Мәселен, 2013 жылғы ақпанның 28-інде облыстық прокуратура Тайынша аудандық Құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы Д.Кулаевқа қатысты іс қозғаған. Ол жалпы сомасы 97,7 млн. теңгеге жатақхана ғимаратын қалпына келтіру бойынша жұмыс орындалды деп жалған актіні ресімдеп жіберген. Соған орай соттың үкімімен кінәлі деп танылып, шартты түрде 2 жылға бас бостандығынан айрылды.
Жамбыл аудандық прокуратурасы Пресновка мектеп-гимназиясында жүргізілген тексеріс барысында аудан әкімінің орынбасары Багеновтың нұсқауы бойынша білім ошағы аумағынан көмір алу фактісі тіркелген. Аудандық прокуратураның аталмыш заң бұзушылықты жою ұсынысы бойынша әкімнің орынбасары тәртіптік жауапқа тартылды.
Есіл ауданының Чириковка ауылындағы “Әсем” ШҚ-ның мал сою орны жұмысын тоқтатқанына қарамастан, оның ветеринариялық дәрігері екі айдан астам уақыт бойы заңсыз түрде анықтама қағазын беріп келген. Сондай-ақ жеке аулаларда сойылған малдың етін ветеринарлық құжатсыз сату фактісі анықталған. Облыс прокурорының айтуынша, өңір аумағында мал сою қосындарының 13-і қолданыстағы нормалар мен ережелер талаптарын бұза отыра жұмыс істеуде. Оларды жабу туралы мәселе қойылған.
Облыстық прокуратура саяжайлардың қызметіне жеке талдау жасай келе, жерді, су ресурстарын тиімсіз пайдалану, мемлекеттік мүлікті заңсыз иемдену фактілерін анықтаған. Бүгінде облыста иесіз, күтусіз қалған 25 мыңнан астам саяжай учаскесі тіркелген. Оларды мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі ұсыным әкімдікке жолданды.
Степан Зайтлердің айтуынша, желтоқсан айының соңында біреудің тапсырмасы бойынша оққа ұшқан Қаржы полициясы департаменті бастығының бірінші орынбасары Жандос Ахметовке қатысты қылмыстық істің де жуық арада соңғы нүктесі қойылмақ. Облыс прокуроры: “Әзірге тергеу жүргізілуіне байланысты еш ақпар айта алмаймын, бірақ бұл қылмысқа кімнің кінәлі екенін 20 күннен соң біле аласыздар”, – деді.