Үстіміздегі жылдың 30 қаңтарында Жұмысшы кентіндегі Суворов тұйық көшесіндегі тұрғын үйде орын алған өрттің салдарынан бір отбасының мүшелері – ата-анасымен бірге екі қыз бала жантәсілім етті.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СҚО ТЖД-нің Мемлекеттік өртті бақылау басқармасының бастығы Нұрлан Атығаевтың мәлімдеуінше, таңғы сағат 5.20-да төтенше жағдайдың орын алғандығы жайында хабар түсе салысымен Петропавл гарнизонының №3 және №4 өрт бөлімшелерінің өртсөндірушілері оқиға орнына жедел жетіп, тілсіз жауды бір сағаттың ішінде ауыздықтаған. Алайда, зор өкінішке орай, үй тұрғындарын құтқару мүмкін болмады. Өртті сөндіру кезінде жастары 40-тан жаңа асқан отағасы мен отанасының және 2007 жылы туған қыздарының жансыз денесі бір бөлмеден, 1999 жылғы қыз баланың мүрдесі келесі бөлмеден табылған. Алдын ала болжам бойынша өрт пештен шыққан.
– Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері мен материалдық шығын мөлшері анықталуда. Ал өртті сөндіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Қатты аяз кезінде орын алған өрт оқиғаларының дені жеке секторға тиесілі болып отыр. Сол себепті облыс тұрғындарын пештер мен жылытқыш құралдарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің шараларына үлкен мән беруді өтініп сұраймыз, – деді Нұрлан Атығаев.
Биылғы жылдың алғашқы бір айының ішінде өрттің салдарынан осымен 8 адамның өмірі қиылды. Олардың екеуі – балалар.