Қайрат Қанафин – наурыздың 7-14-і күндері Сочиде өтетін Паралимпиада ойындарына лицензия ұтып алған 3 спортшының бірі әрі жерлесіміз.
Бүгінде екі қазақстандық: Қайрат Қанафин мен қостанайлық Александр Колядин Паралимпиадалық ойындарға қатысу үшін қажетті нормативтерді орындады. Екеуі де шаңғышылар. Қайрат 1500 және 10000 метр қашықтықтарда бағын сынайтын болады.
Паралимпиадалық ойындарға жаттығу жұмыстарын шілде айынан бастаған жерлесіміз Петропавл, Щучье және Алматы қалаларында төрт оқу-жаттығу жиынында болды. Сондай-ақ шаңғышы Канада, Финляндия және Германия елдерінде өткен паралимпиадашылар арасындағы шаңғы жарысынан әлем кубогінің үш кезеңіне қатысты.
Қайрат Сочидегі паралимпиадашылар ойынына қажетті нормативті Германияда орындады. Енді ойындар басталғанша жерлес спортшы Щучье мен Алматыда оқу-жаттығу жиынына қатысып, медициналық тексерістен өтпек.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.