Азамат НҰРПЕЙІСОВ,
кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Елбасы Жолдауындағы көрсетілген басымдықтар қазақстандықтар жұмысының сапасын арттыруға бағытталған. Жарқын болашақ жолындағы міндеттерді ел Президенті саралап, қалай жүзеге асыру қажеттігін көрсетіп берді. Біздің ұлы мақсат Мәңгілік Ел болудың жолында жұдырықтай бірігіп, әркім өз саласы бойынша адал еңбек етуі керек.
Бүгінде ел азаматтарының спортта, ғылымда, мәдениетте өздерін көрсете алуы үшін бар жағдай жасалуда.
Мен халықаралық дәрежедегі сайыстарға өңір атынан жиі шығып, өзімнің қазақстандық екенімді мақтанышпен айтамын. Бүгінде өзге елдің спортшылары Қазақстан елінің сайыпқырандары бәсі биік додаларда жеңісті уысынан оңайлықпен шығаратын қарсылас еместігін жақсы түсінеді. Ал, біз, спортшылар болсақ додаларда ел Гимнінің жиі орындалуы үшін аянбай тер төгудеміз.
“Стратегия – күннен-күнге, жылдан-жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы. Бірақ нарықтық жағдайда аспаннан нәпақа күтпей, тиімді еңбектену керектігін әркім-ақ түсінуі тиіс. Мемлекеттің міндеті – осыған барлық жағдайды жасау. Мен әлемнің озық елдері арасындағы Отанымыздың лайықты болашағы ғана қазақстандықтарды мәңгілікке біріктіретініне сенімдімін”, – деді Елбасы. Түптеп келгенде, осы жолғы Жолдау көптеген идеяларға толы болды. Оның басты мәні – халықтың әл-ауқатын арттырып, еліміздің экономикасы мен саясатында жаңа жетістіктерге жету.
Алдағы уақытта айқындалған бағыттар бойынша бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара іске жұмылсақ, еліміздің ертеңі жарық боларына сенімдімін.