Гүлден ЖАКИНА,
Суаткөл негізгі мектебінің
жантанушы мұғалімі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауын ықылас қойып тыңдадық. Осы Жолдауға орай мектебімізде оқушыларды отансүйгіштікке, адамгершілікке, Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің қасиетті рәміздерін қастерлеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеу мақсатында әр сыныпта тәрбие сағаттары өткізілді.
Балалардың ұлттық сана-сезімін, саяси сауаттылығын ояту мақсатында қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Раушан Адрақова “дөңгелек үстел” ұйымдастырды. Онда оқушылар Жолдау бойынша өздерінің ойларымен бөлісті. Еліміздің көптеген ауқымды мәселелерін өздерінше талдап, пікірталас ұйымдастырды. “Болашақта осы Жолдау арқылы елімізді қалай елестетесіңдер?” деген сауалнамаға қатысқан жеткіншектердің барлығы өте жақсы тілектерін мақтанышпен жеткізді. Осы жолдардың авторы “Кім жылдам?” атты ойын сабағын ұйымдастырды.
Елбасының белгілеп берген бағыт-бағдарын берік ұстанып, елімізді көркейтетін, мәртебесін асқақтататын, көк туымызды биікке желбірететін – біз бен болашақ ұрпақ екені осы шараларда қадап айтылды.
Жамбыл ауданы.