Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Алма Өстемірова – Петропавлдағы “Қой жүнін өңдеу” ЖШС-нің еңбеккері. Ол пима жасап, киіз басу саласында 1976 жылдан бері еңбек етеді. Аталмыш кәсіпорын бастапқыда қала орталығында орналасып, 1982 жылы жаңа ғимаратқа көшірілген кезде алғашқылардың қатарында оның табалдырығын аттағандардың бірі – Алма Жұмабекқызы. Енді, міне, оның екі жылдан кейін осы жердегі еңбек өтілін 40 жылға толтырып, зейнеткерлік демалысқа шығатын күні де алыс емес. Онда да серіктестік әкімшілігі әрі қарай еңбек етуге рұқсат берсе, жалғастыруға дайын. Бұл, әрине, өмір бойы еңбектің қазанында қайнап, жұмыссыз бос отыруды көз алдына елестете алмайтын еңбекқор адамның ойы. Осы кәсіптегі еңбек жылдарын Алма Жұмабекқызы бала тәрбиесіне байланысты бес жыл ғана үзген екен.
– Мектеп қабырғасында арман еткен мамандық бойынша оқудың реті келмеді. Содан кейін табыс табу үшін уақытша осы жұмысқа орналасқан едім. Жұмыс ортасы өзіме ұнағандықтан, жылдан-жылға басқа салаға кету деген ой сейіліп кетті. Одан тұрмысқа шығып, балалы болып, отбасылық мақсаттар мен міндеттер көбейді. Осылайша жұмыс жалғасып, көзді ашып-жұмғанша уақыт зымырап өте шығыпты. Тіпті, зейнеткерлік жасқа таяп қалғанымызды аңғармай қалыппыз-ау, – деп сыңғырлай күлді.
Пима және киіз басатын кәсіпорын деген ұғымның өзі көз алдыңа ауыр еңбекті елестетеді. Өндіріс басына барсаң, солай екенін мойындайсың. Бірақ 40 жылға жуық бір ортада еңбек еткен Алма Өстемірованың көңіл күйі мен бет-әлпетіне қарап, егер адам өзінің сүйікті ісімен айналысса, өзін сыйлайтын ортада жүрсе жас көрінеді екен-ау деген ой түйіп қайттық.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.