Солтүстікқазақстандық шаңғышы Елена Мазуренко Сочидегі Паралимпиада ойындарына қатысады. Бұл Еленаның спорттық мансабындағы алғашқы Паралимпиадасы.
Бүгінде Қазақстан құрамасының қатарында 5 спортшы болса, оның екеуі – жерлестеріміз Қайрат Қанафин мен Елена Мазуренко.
Елена Мазуренко Паралимпиада ойындарына дайындық аясында Финляндия мен Германиядағы әлем кубогының 2 кезеңінде бағын сынады. Бұл жарыстарда спортшының қол жеткізген нәтижелері 4 жылда бір болатын байрақты додаға қатысуға жол ашты.
Жерлесіміздің Сочидегі сайыста қандай қашықтықты бағындыратыны әзірге белгісіз. Елена тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылардың арасында бағын сынайтын болады.
Ақпанның басында Елена Мазуренко мен Қайрат Қанафин Щучинск қаласына оқу-жаттығу жиынына жол тартады. Ал кейін сол жерден спортшылар күрделі медициналық тексерістен өту және жаттығу жиынына қатысу үшін Алматы қаласына аттанады.
Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.