«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТІЛСІЗ ЖАУ” БАС КӨТЕРІП ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыста 69 өрт болып, одан 3,5 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 4 адам қайғылы қазаға ұшырады. 5 тұрғын түрлі деңгейде жарақат алды.

Қызылжар ауданындағы Большая Малышка ауылында тұрғын үй өртеніп, оның 64 жастағы иесі иіс тиіп, ауруханаға жеткізілді. Белгілі болғанындай, бір күн бұрын зейнеткер толығымен сөнбеген бір шелек күлді үйдің кіреберісінде қалдырған. Ал таңертең орын алған өрт баспанаға зақым келтірген.

Тілсіз жаудың кінәсінен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Ефимовка ауылының 48 жастағы тұрғыны қайғылы қазаға ұшырады. Ескі киімдердің үстінде ұйықтаған азаматтың денесінің 70 пайызын 3 және 4 деңгейлі күйік шалды. Далаға еңбектеп шыққан жапа шегушіні көршілері тауып, құтқарушыларды шақырған. Ал аумағы 2 шаршы метрді құраған өртті ауыл тұрғындары өз күштерімен ауыздықтаған. Ащы түтінге уланып, денесін күйік шалған азамат аудандық орталық ауруханаға жеткізілгенімен, жарақаттан көз жұмды. Құтқарушылардың айтуынша, оқиғаға оның мас күйде жатып, төсекте шылым шегуі себеп болған.

Электр сымдарының қысқа тұйықталуынан Қызылжар мен Тимирязев аудандарындағы Вагулино мен Жарқын ауылдарында екі тұрғын үй отқа оранды. Ал М.Жұмабаев ауданындағы Булаево қаласында аталмыш себеппен жеке тұрғын үй зақымданған. Өрттің шығу себебі – баспана ішіндегі электр сымдарының ұзақ уақыт қолданыста болып, ескіргендігі.

Айыртау ауданындағы Арықбалық ауылында жеке тұрғын үй пешті орнату мен пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің сақталмауына байланысты өртенді. Атап айтқанда, дұрыс орнатылмаған пештің мұржасының кесірінен орын алған өрт үйдің шатырын зақымдаған. Дәл осындай оқиғалар М.Жұмабаев ауданындағы Булаево мен Петропавл қалаларындағы тұрғын үйлер мен ауладағы қора-қопсыда тіркелген.

Ал ыстық күлді қораның іргесіне төккен Қызылжар ауданының Ольшанка елді мекені тұрғынының кінәсінен шыққан өрт қораның қабырғалары мен шатырын жалмаған.

Көлік иелері де қысқа тұйықталудың кесапатын көруде. Өткен аптада облыс бойынша 3 автокөлік оттың “құрбанына” айналды. Облыс орталығындағы Володарский қысқа көшесінде таңертең “BMV-520” автокөлігі отқа оранып, көліктің көп бөлігі зақымданды. Дәл осындай оқиға М.Жұмабаев ауданының орталығындағы “Volkswagen-Passat” автокөлігіне қатысты да қайталанды.

Қызылжар ауданының Бескөл ауылында “ПАЗ-32053” автобусын өрт шалды. Тілсіз жау машинаның мотор бөлігі мен кабинасын жарамсыз етті. Өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған деген болжам бар.

М.Жұмабаев ауданының Молодогвардейское ауылында “Туған жер” серіктестігінің “ЗАВ-20” кешенді астық тазалағышы күйді. Ең алдымен, электр қорапшасындағы сым тұйықталып, шыққан ұшқын өртке ұласқан. Жалын кешеннің шатыры мен қабырғасын зақымдады.

Ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Андреевка ауылындағы “Кабуз” ЖШС-нің бірқабатты кеңсесін өрт жалмаса, Ақжар ауданының Ленинград елді мекенінде ескі асхананың ғимараты түгелімен өртенді. Төтенше жағдайдың себебі анықталып жатыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp