Айыртау ауданындағы Казанка елді мекенінде аудандық “Солтүстік” қысқы спорттық спартакиадасы өтті. Онда 14 ауылдық округтен жиналған 400-ге тарта адам шаңғы, хоккей, шорт-трек, президенттік көпсайыс секілді спорттың бірнеше түрінен бақ сынасты.
Сайыс қорытындысы бойынша, имантаулық команда шаңғы жарысынан бірінші орынды еншілесе, алаң иелері хоккей мен шорт-тректен көш бастады. Президенттік көпсайыста жұлдызы жанғандар – саумалкөлдік спортшылар.
Жалпыкомандалық есеп бойынша жеңіс тұғырына Казанка ауылдық округінің құрама командасы көтерілсе, саумалкөлдік ойыншылар екінші орынды місе тұтты. Үздік үштікті қорытындылаған Украин ауылдық округінің командасы.
Барлық жеңімпаздар грамоталармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
(Өз тілшімізден).