Бір ай бойы тойланатын Мәуліт мейрамы өткен сенбіде Айыртау ауданындағы Карасевка ауылында болып өтті.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.
Мәуліт мейрамына жиналған қауымның назарына әуелі діни бейнефильм ұсынылып, осы шараны ұйымдастырған аудандық Қайрош ата мешітінің бас имамы Сағынай Рахымжан Құран оқыды.
Мерекеге қатысқан аудан әкімінің орынбасары Аманбек Махметов жамағат алдында құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі таңда еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығына тоқталды.
Науан Хазірет атындағы Көкшетау орталық мешітінің бас имамы Қанат Қыдырмин, Петропавл қалалық мешітінің бас имамы Әбілхан Жәпішев, “Қызылжар” орталық мешітінің ұстазы Хамзат Әділбеков және басқалар айыртаулық жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, Мұхаммед пайғамбарды танытудағы діни, қасиетті уағыздарды айтты.
Мерекенің шырайын ашатын ән мен жырға кезек берілді. Танымал айтыс ақындары Әлібек Серғалиев пен Қуаныш Оспанов сөз қағыстырса, Саян, Ерлан және Аслан Мұхамедияровтар мен Тұрсынғазы Рақымов діни әндерді құйқылжыта шырқады. Карасевка орта мектебінің өнерпаз өрендері өз өнерлерін ортаға салды.
Сағынай Рахымжан Мәуліт мерекесін өткізуге атсалысқан бір топ азаматтарға Алғыс хат табыстап, қаржылай демеушілік қолдау көрсеткен “Айыртау-Информ” ЖШС-іне шексіз алғысын білдірді.
Мейрам соңында аудандық Қайрош ата мешіті ұйымдастырған мектеп оқушылары мен ересектер арасындағы спорттық жарыстардың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды өткен жылы өзі туып-өскен Карасевка ауылында мешіт салып, ел ризалығына бөленген Ербол Тоқаев арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ербол Қайратұлы Мәуліт мерекесін өткізуге атсалысқандары үшін Карасевка орта мектебіне пневматикалық мылтық сыйлады.
Пайғамбарымызға салауат айтуға келген жамағат Мәуліт дастарқанынан дәм татты. Келесі жылғы Мәуліт мерекесі Казанка ауылында өтетін болып шешілді.