Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Бақыт Қасейінов облыс бойынша 2013 жылдың үздік судьясы болып танылды.
Жұлдыз ОСПАНОВА,
Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі.
Жыл сайын өткізілетін “Жылдың үздік судьясы” байқауының ережесіне сәйкес, осы атаққа сай болатын судьяны таңдауда судьяның сот төрелігін жүзеге асырудағы жоғары сапа көрсеткіштері, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуы басты назарға алынады.
Бақыт Бақымбайұлы – қызметінде өзін сауатты әрі білікті заңгер ретінде танытқан, істерді жедел әрі сапалы қарайтын судьялардың бірі. Сонымен қатар қоғамдық жұмысқа белсене араласып, соттарда өткізілетін семинар, “дөңгелек үстелдерге” үнемі қатысады, сот тәжірибесіне байланысты өзекті мәселелерге арналған мақалалардың авторы. Одан басқа, жұмыстан тыс уақытта саламатты өмір салтын ұстанып, спорттың әр түрлерімен шұғылданады, әсіресе, футболға әуес.
Бақыт Қасейінов – Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы кеңесінің мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысы сот жүйесінің шағын футбол бойынша құрама командасының капитаны. Қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, өз қызмет-міндеттерін адал атқарғаны үшін 2013 жылы Қазақстан Республикасы Судьялар одағы Орталық кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.