«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ГОЛОВКИН ЧЕМПИОНДЫҚ АТАҒЫН ҚОРҒАП ҚАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин жанкүйерлеріне тағы бір жеңіс сыйлады. Ол Монакода болған кезекті жекпе-жегінде Гана елінің былғары қолғап шебері Осуману Адаманы айқын басымдықпен жеңіп, орта салмақта WBA нұсқасы бойынша оныншы рет және IBO нұсқасы бойынша жетінші рет әлем чемпионы атағын қорғап қалды.

Бұл айқас 31 жастағы әлемге танымал қазақстандық саңлақ спортшының 2014 жылғы алғашқы және кәсіби рингтегі 29-ыншы жекпе-жегі еді. Еске сала кетсек, барлық кездесулерінде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп келген Геннадий 26 жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған.

Айта кетсек, кездесу басталмас бұрын “Musicola” дуэті Қазақстанның Гимнін орындады.  

Түнгі сағат екіде көрсетілген тікелей эфирде қазақстандықтар атақты спортшының кезекті айқасын тамашалады. Кездесудің алғашқы минутынан-ақ Геннадий қарсыласын үсті-үстіне соққының астына алды. Бірінші раундтың соңында қатты соққы тиген Осуману Адама құлап түсті.

Бұдан кейін де жерлесіміз қарсыласын қыспаққа алып, ауыр соққының астына алды. Соның нәтижесінде Адама тағы екі рет нокдаунға түсті. Тартысты өткен кездесудің жетінші раундында Геннадий Адаманы бұрышқа тіреп, жойқын соққы боратты. Ақыры ганалықты нокаутқа жіберуге тырысқанымен, төреші айқасты тоқтатты. Ал қарсылас боксшының бапкерлері болса төрешінің бұл шешімімен толықтай келісті. Сонымен Геннадий Головкин кәсіби бокстағы кезекті кездесуін техникалық нокаутпен аяқтады.

Былтырғы соңғы жекпе-жегінде Геннадий Головкин америкалық Кертис Стивенсті айқын басымдықпен жеңген болатын. Ал отандасымыздың 30-ыншы кездесуі сәуір айында Нью-Йорк қаласындағы “Мэдисон-Сквер-Гарден” аренасында өткізіледі деп жоспарланып отыр. Оның қарсыласының кім екендігі әзірге белгісіз.

  (Өз тілшімізден). 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp