«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Татьяна ЛЕБЕДЕВА: “МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЗАҢДЫ БІЛГЕНІМЕН, ОНЫ ТӘЖІРИБЕДЕ ДҰРЫС ҚОЛДАНА БЕРМЕЙДІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Астана қаласында өткен “А” корпусына іріктеліп алынған мемлекеттік қызметшілермен кеңейтілген кеңесте оларға өздерін “элита” деп емес, “халық қызметшісі” деп санауды жүктеді. Елбасы басшылық қызметтегі “А” корпусына осындай міндет жүктесе, мұны қатардағы мемлекеттік қызметшілер “Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда” деп түсінгені абзал. Осы орайда жергілікті жерде мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдірудің бір тетігін жүзеге асырып отырған Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығының директоры Татьяна Лебедевамен кездескен едік.

– Татьяна Васильевна, өзіңіз басшылық жасап отырған орталықтың жұмысына тоқталсаңыз.

– Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығы мемлекеттік және азаматтық қызметшілерді қайта даярлаумен және біліктілігін арттырумен айналысады. Біздің міндетіміз – ағартушылық қызметті жүзеге асыру, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін жоғарылату. Қазіргі таңда орталықта оқыту жұмысы екі үлгі бойынша жүзеге асырылады: біліктілікті арттыру және қайта даярлау. Біліктілікті арттырудан – лауазымдық қызметте отырған, жұмыс тәжірибесі барлар, қайта даярлаудан мемлекеттік қызметке жаңа келгендер өтеді. 130 сағаттың көлемінде біз олардың біліктілігін арттырып, мемлекеттік қызмет туралы түсініктерін қалыптастырамыз. Қайта даярлаудан мемлекеттік қызметке жаңа келгендер ғана емес, бұрын маман болып жұмыс істеп, кейін басшылық қызметке тағайындалғандар да өтеді. Себебі, ол басшы ретінде жұмысты жүргізіп, ұжыммен тіл табыса білуі қажет.  

– Өңірлік орталықтар құрылғанша бұл қызметті кім атқарды?

– 1999 жылы Президент әр өңірде орталық құруды тапсырған болатын. Ол кезде мен жергілікті жоғары оқу орны жанындағы қайта даярлау және біліктілікті арттыру институтының директоры қызметін атқарып, біз мемлекеттік қызметшілерді сонда оқыттық. 2006 жылы бізді бөлу жайлы ұсыным хат келді. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығы болып аталамыз. Басқа облыстарда өңірлік орталықтар 2005 жылдан жұмыстарын бастады. Біздің бір жылдан кейін құрылуымызға ғимараттың жоқтығы себеп болды. Әлі күнге дейін ғимаратты жалдаймыз. Бірақ біздің өңірлік орталық оқыту бағдарламасы, үдерісі бойынша үздік танылып отыр. Себебі, оқытушылық құрам тәжірибелі мамандардан құралған. Біз шеберлік сыныптарын өткізіп, типтік бағдарламалар жасаймыз. Өткен жыл біз үшін жемісті болды. Себебі, 1629 адам оқытылса, оның 1457-сі – мемлекеттік қызметшілер. Сондай-ақ біз өзімізді халықаралық аренада жақсы жағынан көрсете білдік. Украинаның бірқатар оқыту орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Соның негізінде сыбайлас жемқорлық жайы талқыланып, біз Қазақстанның атынан сөз сөйледік. Франция елімен бейнеконференция өткіздік. Ол жерде өзіміздің тәжірибеге сүйеніп, мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселесін талқыладық. Сондай-ақ өткен жылы үш шеберлік сыныбын өткіздік.

– Мемлекеттік қызметтің қыр-сырын кімдер үйретеді?

– Орталықта 130-дай оқытушы бар. Олар – қосымша жұмыс істеушілер. Оқытушылар да сапалы жұмыс істеу үшін біліктіліктерін арттырып отырады. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы бізге онлайн немесе G-global режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Осы үшін заманауи құрылғы сатып алдық. Сол арқылы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменовпен, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Әбдірәсіловпен сөйлесіп, кейбір мәселелерді талқылай аламыз. Өткен жылдың соңында академия ректорынан бірлескен жұмысымыз үшін Алғыс хатпен марапатталдық.

– Мемлекеттік қызметшілердің білімін қалай тексересіздер?

– Мемлекеттік қызметшілер курсқа келгеннен кейін бірден жазба жұмысын жазады. Осыдан-ақ оның қандай маман екені белгілі болады. Бес күн курсқа қатысқаннан кейін тестілеуден өтеді. Ал ауылдық округ әкімдері болса олардың негізгі қызметіне қатысы бар 8 заң бойынша кешенді тестілеуден өтеді. Сараптамалық бөлім олардың біліктілігі мен біліміне қорытынды жасайды.

– Мемлекеттік қызметшілер бұл заңдарды жақсы біле ме екен?

– Жалпы мемлекеттік қызметшілер заңды тәжірибеде қалай пайдалану керек екендігін білмейді. Осының кесірінен өздерінің құзыреттеріне жатпайтын анықтаманы береді, қол қояды. Бұл сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын құқық бұзушылық болып есептеледі.

– Орталық оқытқан курстан кейін аяғын шалыс басқандар болды ма?

– Өкінішке қарай, өткен жылы екі мемлекеттік қызметші қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

– Соңғы кездері қазақстандық қоғам БАҚ арқылы кейбір мемлекеттік қызметшілердің дөрекі мінездері мен іс-әрекеттерін білетін болды. Бұл жайында не айтасыз?

– Бұл – ата-ананың, мектептің берген тәрбиесінде кеткен олқылық. Бізге олар қалыптасқан тұлға ретінде келеді. Амандасудың да 20 түрлі үлгісі бар. Ұжымға жылы жүзбен қарау да маңызды. Көптеген басшылар жұмыс күнін: “Анау қайда, мынау қайда” деп дікіңдеуден бастайтындықтан, қарым-қатынас шиелініседі. Қазір елімізде мейірімділікке, демократиялыққа, басқару стиліне зор мән берілуде. Кез келген басшы осы талаптарға жауап беруі тиіс. Өкінішке қарай, өзіңіз айтқан жағдайлар орын алуда. Менің ойымша, ондайларды жұмыстан шығару керек. Курстарда олар бетегеден биік, жусаннан аласа болып отырады. Себебі, өздерінің нені білмейтіндіктерін түсінеді.

– Мемлекеттік қызметшілердің тәртібін қарайтын ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің Тәртіптік кеңесімен байланыстарыңыз бар ма?

– Біз Тәртіптік кеңестің құрамында жоқпыз. Алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау ережесі бекітілген Жарлықты орындау бойынша қызметшілерді оқыту жөніндегі мәселелер Тәртіптік кеңестің отырысына шығарылатын болады. Бұл басшылардан Жарлықтың орындалу барысын сұрауға негіз болмақ. Бұл мәселе 2006 жылға дейін көтерілген болатын. Одан кейін жабулы қазан күйінде қалды. Қазір бұған қайта назар аударыла бастады.

– Екі бағыт бойынша оқып жатқандардың қайсысымен оқу үдерісін өткізу қиын?

– Бұл жағдайда бағыттан бұрын топтарға қатысты айтқан жөн. Себебі, оқыту үдерісінің ойдағыдай өтуі топ мүшелеріне тікелей байланысты. Егер оларды топтау біздің құзыретімізде болса, біз оларды мүмкіндіктеріне қарай мықты, орташа және әлсіз топ ретінде бөліп тастар едік. Ал қазір барлығы араласып кеткен. Ауылдық округ әкімдерімен жұмыс істеген қызғылықты. Ол топ сыншыл және оқу үдерісі кезінде сұрана бермейді. Жалпы курсқа келгендердің 30 пайызы уақыттарын босқа өткізгенді қалайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp