Қызылжар аудандық әкімдігінің жанындағы екіқабатты ғимараттың аядай ғана бір бөлмесінде ашылған “Сейілова Б.С.” жеке кәсіпкерлігі 2010 жылдан бері киім тігумен және дайын бұйымдарды жамап-жасқаумен айналысады. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы несие рәсімдеп, мемлекеттің қолдауын көріп отырған тігін цехы аз уақыттың ішінде жергілікті тұрғындардың, әсіресе, мектеп оқушы-ларының мұқтажын өтейтін танымал кәсіпорынға айналып үлгерді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш цехтың иесі – жеке кәсіпкер Бақыт Сейілова.
– Туған жерім бұрынғы Торғай облысындағы Державинск қалашығы болғанмен, түтін түтетіп жатқан жеріміз – Қызылжар өңірі. Анам Қайыржан Сердәліқызы – осы жақтың тумасы. Торғай облысы тарағаннан кейін отбасымыз солтүстікке қоныс аударып, Бескөл ауылына тұрақтап қалды. Үйдің үлкені болып Мейрам Сейіловпен жеке шаңырақ құрсам да, ата-анамнан қашықта болғым келмеді. Біз де осы жаққа ат басын бұрдық. Сонымен бескөлдік болғанымызға да 10 жылдан асып барады, – дейді Бақыт Серікқызы. Жеке кәсіпкердің айтуына қарағанда, анасы №2 Бескөл негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, зейнеткерлікке шыққан.
– Мен ес білгелі анам негізгі мамандығымен бірге тігіншілікпен де айналысып келеді. Оған ісмерлік анасынан дарыған көрінеді. “Ана көрген тон пішер” деген емес пе?! Мені де жасымнан осы шеберлікке баулыды. Мамандық аларда Державинск кәсіптік-техникалық училищесін таңдадым. Оны киім үлгісін жасау және тігу мамандығы бойынша аяқтадым. Содан бері үйде отырып, жеке тапсырыс бойынша тігіншілікпен айналысып келдім. Өз кәсіпорнымды ашудың сәті 2010 жылы ғана түсті, – дейді Бақыт.
Сол жылы “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында жеке кәсіпорын ашуға Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 900 мың теңге көлемінде кредит алыпты. Шағын тігін цехы осылай дүниеге келген. Араға үш салып ательені кеңейтуді ойластыра бастаған. Былтыр тағы осы қордың қолдауына жүгінген. Қажетті құжаттарын әзірлеп, өзіне осыдан үш жыл бұрын қолдау көрсеткен қорға табыс еткен. Сонымен жеке кәсіпкер бүгінгі күні “Кәсіпорынды кеңейту және шикізат сатып алу” жобасын жүзеге асырып отыр. Бақыт Серікқызының айтуына қарағанда, 2,8 млн. теңге көлеміндегі кредит шетелдік 2 “TYPICAL” тігін машинасын, маталар мен фурнитуралар, пішіп-кесуге арналған үстел сатып алуға жұмсалған. Мемлекеттің қолдауы арқасында кәсіпкер Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы алған кредиттің 6 пайыздық сыйақысын ғана төлейді.
Цехта барлығы төрт адам еңбек етеді. Солардың бірі – Ұмсынай Мұқашева. Мағжан Жұмабаев ауданынан қоныс аударған тігінші ателье ашылғаннан бері жұмыспен қамтылып отыр. Атқарған ісіне қарай еңбекақы алады.
Тігіншілер маусымдық киімдер тігуге, дайын бұйымдарды жөндеуге, ұлттық салт-дәстүрге байланысты жабдықтар әзірлеуге бағыт ұстануда.
– Өткен жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де оқитын тұла бойы тұңғыш қызым тұрмыс құрарда қалыңдықтың қазақы үлгідегі көйлек-көншегін, барлық жасауын, бұл күні дәстүрге айналып кеткен той қоржынын анамның ақылымен өзім тігіп шықтым. Солардың бәрі несие алған кәсіпорындардың жұмысымен арнайы таныса келген Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры басшыларының, олармен бірге еріп жүрген БАҚ өкілдерінің назарына ілігіп, отбасылық ісім облыс көлеміне жарнамаланып кетті. Сол күннен бастап оюмен өрнектелген көрпе-жастыққа, қоржын-қалтаға деген тапсырыс, тіпті, көбейе түсті. Осындай қамқорлыққа бөлеп отырған мемлекетке ризашылығым шексіз, – дейді тігін цехының жұмысын ұршықша үйіре бастаған Бақыт.
Маусымдық киім тігу, дайын бұйымдарды жөндеу, той-томалаққа арналған қоржын-қалта жасау олардың күнделікті ісіне айналған. Тек 2013 жылы ғана №1 Бескөл мектеп-гимназиясында оқитын қыз балаларға арналған 500-ден астам оқушы киімі жиынтығын арнайы тапсырыспен тігіп шығыпты. Оған кредит арқылы алынған маталар мен фурнитуралар пайдаланылған.
– Осы жолы тапсырыстың көптігінен және жаңа оқу жылына дейін үлгеру қажеттігінен үйде отырып тігін тігетін ісмер әйелдерді де жұмысқа тарттым. Өзіміз демалыс күндері де еңбек еттік. Сөйте жүріп, оқушылар киімінің қолжетімді болуымен бірге, оның сапасына баса назар аудардық. Соның арқасында тұтынушыларымыздың көңілінен шықтық. Күні бүгінге дейін тапсырыс берушілердің талабы біз үшін заң болып есептеледі, – дейді ателье меңгерушісі.
Бақыт Серікқызының тігін цехына тапсырыс беру үшін алдын ала жазылып қою керектігін жергілікті тұрғындар жақсы біліп алған. Бұл күндері қыс маусымына орай жағалы киім тіккізушілер, той-томалақ бұйымдарын жасатушылар қатары көп көрінеді.
– “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы бойынша әртүрлі қорлар арқылы кәсіпкерлікпен айналысам, өндіріс орнымды кеңейтем дегендерге мемлекет зор қолдау көрсетіп отыр. Біз соны тиімді пайдалануымыз қажет. Жеңілдетілген кредит – кәсібін жаңа ашқандардың қолы. Бүгінгі нарық заманында бір орында тұруға болмайды. Алдағы уақытта киім пішетін және тігетін, дайын киімдерді өлшейтін жеке орындары бар ғимаратымыз болса деймін. Қазіргі орнымыз тарлық етуде. Мемлекеттік қолдау барда оның да сәті түсер, – дейді жеке кәсіпкер Бақыт Сейілова.
СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай): тігінші Ұ.Мұқашева мен жеке кәсіпкер Б.Сейілова.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.