“Бақпасаң, бала кетеді” дейді дана қазақ. Бағу әсте ішіп-жемі мен киер киімін бүтіндеуден ғана тұрмаса керек. 2012 жылы біздің өңірде “бағусыз” 4 жасөспірім, былтыр тағы да 3 жеткіншек темір тордың арғы жағына қамалып кете барды. Олардың бірі адам зорласа, бірі баукеспе ұры атанды. Қылмыскер болған соң лайықты жазасын алғандары дұрыс та шығар. Алайда, жап-жас балалардың осындай жолға түсуіне өздері ғана кінәлі емес-ау деген ой қалады көкейде.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Не десек те жасөспірімдер арасындағы адам айтқысыз ауыр қылмыс толастамай тұр. Цифрларды сөйлетсек, жан түршігеді. СҚО Кәмелеттік істер жөніндегі ауданаралық сотта былтыр 100-ден астам жасөспірімге қатысты 80-ге жуық қылмыстық іс қаралыпты. Ұрлау, тонау, әлімжеттік көрсету, зорлық-зомбылық… Бірі жасы 80-ге таяған қарияны зорлап, мүлкін қолды қылғаны үшін – 3,6 жылға, енді бірі жыл бойы ұрлық жасап, қоқан-лоқы жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша 3 жылға бас бостандықтарынан айрылды.
Әрбір оғаш қадамына селт етпеген жасөспірімнің қылмыстық әрекетке баруының басты себебі не? Қоршаған орта ма, мектеп пе, баласының әрекетіне немқұрайды қараған ата-ана ма? Бала болашағына алаңдаушылық білдірген кез келген адам осы сұраққа жауап іздейтіні белгілі. Ал сот қызметкерлерінің істі болған жасөспірімдерге жасаған сараптамаларының көрсеткіші төмендегідей. Қылмысқа баратындардың дені 16-17 жас аралығындағылар болса, олардың көбі мектепке бармайтын көрінеді. Өткен жылы істі болған 30 жеткіншектің 18-і толық отбасында тәрбиеленіпті. Толық болғанымен, толассыз ұрыс-керістен көз ашпайтын ата-ана балаларын өздері бұзақылыққа итермелейтінін ескере бермейді. Сондай-ақ статистика мәліметі қылмыстық әрекетке ауыл балалары жиі баратынын көрсетіп отыр. Мұның барлығы да тәрбиенің кенже қалуынан орын алып отырғаны айтпаса да белгілі.
Айтылған ақиқаттың өз отбасына қатысы жоқ екеніне сенімді ата-ана жұмсақ жиһазға жайғасып, теледидар қосады. Сол сәтте сізбен бірге “қара жәшіктегі” әсерлі киноны тамашалаған ұл-қызыңыз зорлық-зомбылық, қоқан-лоқы көрсету, адам өлтірудің амал-тәсілдеріне қанық болып жатқанын ойлап көрдіңіз бе? Сол көрген-білгенін компьютерлік ойындар арқылы кейін іс жүзіне асырмайтынына сенімдісіз бе? Зорлық-зомбылықты насихаттаушы фильмдер мен сананы сансырататын компьютер ойындарына тосқауыл қойып, баланың болашағына жан-жақты көңіл қоятын кез жеткен шығар?!
P.S. Ауладағылармен жақсы тіл табысатын атам бірде қаумалаған балалардың бірін құшағына алып: “Маған бала бол. Мен саған тәттілерді әперейін” депті. Үйге кіргені сол еді, бір уақытта үй есігіне қоңырау шалған учаскелік инспектор атамыздың үстінен арыз түскенін айтып: “Білесіз ғой, заман сондай. Бала ұрлайтындар да, зорлайтындар да бар. Ата-аналар қорқады. Келесі ретте ешкімнің баласына жоламаңыз!” деп ескертті. Қалбалақтап қалған қария: “Мен балалармен солай ойнаймын ғой” деп қайталай беріпті. Сөйтсе үйіне барған бала өзін бір адамның әкеткісі келетінін жеткізгенде шешесі бірден учаскелік полицейге хабарласқан. Жеткіншек жасы жетпістен асқан қазақтың қарапайым ақсақалынан қауіптенсе, ағаттық кімнен кетті екен?