«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЕНЕУНІКТЕР КЕЛТІРГЕН ШЫҒЫН КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

СҚО бойынша Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы Нұрлан Шабдардың төрағалық етуімен өткен жедел кеңесте былтырғы жылдың жұмысы сараланды. 

Өткен жылы департамент жұмысы сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі экономикаға қарсы күреске, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мен қорғауға бағытталған. Осылайша өткен жылы 321 қылмыстық істің беті ашылып, 152 іс сотқа жіберілді. Өңірімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық айылын жимай тұр. Өткен жылы пара бергендер мен алғандарға, біреудің мүлкін иемденіп немесе ысырап қылғандарға, жалған құжат жасағандарға және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғандарға қатысты 56 қылмыстық іс қозғалды. Сыбайлас жемқорлыққа жол берген 29 лауазымды тұлғаның ішінде басқарма басшысы, әкімдер, мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғаушылар да бар. Олардың 17-сі сотталды.

Департаменттің негізгі күші жүйелі жемқорлыққа қарсы күреске шоғырландырылды. Өткен жылы осындай 4 факті анықталып, 9 адамға қатысты 14 қылмыстық іс қозғалды. Мәселен, СҚО бойынша “Би-Логистикс” АҚ-ның директорына, СҚО Сот актілерін орындау жөніндегі департаменттің “Заңды тұлғалардан өндіріп алу жөніндегі бөлім” филиалының жетекшісіне және СҚО бойынша “Би-Логистикс” АҚ филиалының сарапшысына қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл азаматтар алдын ала келісім жасау арқылы сотталған мүлікті сату бойынша саудаға қатысушы тұлғалардан бірнеше рет пара алып келген. Сондай-ақ өз адамдарын саудаға қатыстыру арқылы көліктерді төмендетілген бағаға заңсыз сатып алған.  

Ал өзінің лауазымдық өкілеттігіне кіретін жұмысты бұлдаған Ауыл шаруашылығы министрлігі облыстық аумақтық инспекциясының бас мемлекеттік инженер-инспекторы К.Баукеновке жеке және заңды тұлғалардан 2 мың теңгеден 55 мың теңгеге дейін пара алып келді деген айып тағылып отыр. Бұл іс сот қарауына берілді.

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында бюджет қаржысына қол сұққандар да өткен жылы қаржы полицейлерінің құрығына ілікті. “Жұмыспен қамту – 2020”, “Балапан”, “Ақ бұлақ”, “Тұрғын үй құрылысы”, “Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру”, “Жол картасы – 2020”, “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламалары және “ҚР Дене шынықтыру және спортты дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасы” бойынша 19 қылмыс тіркелді. Солардың бірі – Тайынша аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы Д.Кулаевке қатысты іс. Ол жатақхананы 25 пәтерлі тұрғын үй қылып, қайта жаңартуда атқарылмаған жұмыстың ауқымы үлкен екенін біле тұра, көпе-көрінеу жалған ақпараты бар ресми құжаттарға қойған қолын мөр басып куәландырған көрінеді. Содан кейін мердігерге 97,7 миллион теңгенің заңсыз төлемін төлеген. Аудандық соттың үкімімен айыпталушы 2 жылға шартты түрде сотталды.

Ал Айыртау аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы С.Қажыбаеваға 2000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеу жөнінде үкім шықты. Лауазымды тұлға “Айыртау-Қамқор” МКК-ға пайда келтіру мақсатында Саумалкөл ауылын сумен жабдықтау және суды бұру жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және ұстау бойынша жұмыстардың атқарылғаны жайында жалған актіге қол қою арқылы мемлекетке 13,8 миллион теңгенің шығынын келтірген.

“Солтүстік” ӘКК” ҰҚ” АҚ басқарма төрағасы А.Ченнің ісі де сотқа жіберілді. Ол “Астық Тобыл” ЖШС-нің директорына пайда келтірмек ниетте 650 бас ірі қараны қабылдау-тапсыру және оны серіктестікке жауаптылықпен сақтауға тапсырудың, сонымен қатар 130 тонна сиыр етін алудың жалған актілеріне қол қойып, “Астық Тобыл” ЖШС-нің есептік шотына бюджет қаражатын аудару арқылы мемлекетке 104 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

Адал бизнестің мүддесін қорғау да департамент қызметкерлерінің ерекше бақылауында. Өткен жылы шағын және орта бизнес жұмысына қол сұғудың 7 фактісі анықталды. Мәселен, кәсіпкерлік жұмысына кедергі келтіргені және пара алғаны үшін СҚО Мәдениет басқармасының басшысы Т.Ақылбековке 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру үкімі кесілді. Оған Л.Агутин мен А.Варумның концертін ұйымдастырушыдан жалпы құны 416 мың теңге болатын 26 билет түріндегі пара алды деген айып тағылған болатын.

Ал Қызылжар аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ж.Дәуренбеков 3 жылға сотталды. Директор жеке кәсіпкердің сеніміне қиянат жасап, мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжатын дайындауға бөлінген 720 мың теңгенің қаражатын қымқырған.

Қылмыстардың қомақты бөлігін парақорлық құрап отыр. Өткен жылы 6 пара алу және 3 пара беру фактілері бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды. Солардың бірі – жеке кәсіпкерден дүкен мен дәмхананың өртке қарсы дабылқаққыштар жүйесін пайдалануға беру актісіне қол қойғаны үшін 21 мың теңге талап еткен Шал ақын аудандық Төтенше жағдайлар жөніндегі бөлім басшысы С.Ғабдуллиннің ісі бүгінде тергеуде. Тайынша ауданы бойынша Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы А.Орынбектің ісі де сотқа жіберілді. Лауазымды тұлға жобалық-экологиялық құжаттамаға санитарлық-эпидемиологиялық шешім шығарғаны үшін жеке кәсіпкерден 85 мың теңге көлемінде пара алған.

Қаржы полициясында сыбайлас жемқорлыққа қатысты фактілерді хабарлаған тұлғаларды марапаттау ережелері шеңберінде жемқорлықтың алдын алу жұмысы жандандырылды. 2013 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері жайында хабарлаған 3 адамға 363 510 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Қаржылық-экономикалық салада әртүрлі санаттағы 179 қылмыстық іс тіркелді. Олардың ішінде жалған кәсіпкерлік (25 іс), есептелмеген алкоголь өнімдерін жасау және сату (7 іс), салықтан жалтару (19), заңсыз ойын бизнесі (12), жалған ақша жасау (29), заңсыз банкротқа ұшырату (2), контрафактілік өнімдердің заңсыз айналымы (6) бойынша жасалған қылмыстар бар. 93 қылмыстық іс аяқталды.

СҚО бойынша

Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp