Үскірік аязға орай солтүстікқазақстандық әмбебап полицейлер қала сыртындағы күре жолдардағы жағдайды ерекше бақылауға алды.
Полиция экипаждары тәулік бойы республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарда тәртіпті бақылауда. Олар жол жүріп бара жатқан адамдардан жол қозғалысы жағдайын білісуде.
Жақында “Астана Петропавл” автожолының 370 шақырымында Тайынша ауданының Кременчуг ауылы маңында “Сетра” маркалы қалааралық автобустың моторы істен шығып қалған. Салонда 45 жолаушы болған, олардың барлығы Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауылынан жолға шыққан. Полицейлер автобус жолаушыларын жылы жерге орналастырды. Ақау түзелген соң автобус полиция экипажын ертіп, жолға шықты.
“Ауа райының күрт суытуына байланысты қозғалыс шектелді, дизельді автокөліктерге елді мекеннен шығуға тыйым салынды. Автокөлік жүргізушілерінің барлығынан күн жылынғанша алыс жолға шығудан бас тартуларын сұраймыз”, – дейді СҚО Әкімшілік полициясының аға инспекторы Әбілсейіт Жолаушин.
СҚО Әкімшілік полициясының мәліметінше, жыл басынан бері облыстың тас жолдарында аяз салдарынан жарамай қалған 10 көлікке көмек көрсетілген.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.