Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыс орталығының басшысы Төлеген Закариянов өзінің қала тұрғындарымен алғашқы есепті кездесуін Петропавл құрылыс-экономика колледжінің ғимаратында өткізді. Орта арнаулы оқу орнының мәжіліс залына қаланың солтүстік-шығыс аумағындағы 19-шы және 20-шы, Юбилейный шағын-аудандары, Борки, Новопавловка, Солнечный, Кірпіш кенттері, Жуков және Ғ. Мүсірепов шекараларындағы тұрғындар жиналды. Алқалы жиынға қала әкімдігі құрылымдық бөлімдерінің басшылары, қалалық мәслихаттың депутаттары, ардагерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауы Қазақстанның барлық халқы үшін іс-қимылға рухтандыратын жылдың басты құжаты болып отыр. Онда Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіруі бойынша ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін қандай қадамдар жасау және ұмтылу қажеттігіне нақты бағдар белгіленді. Әсіресе, “Мәңгілік Ел” ұлттық идеясын әзірлеу туралы тапсырма біз үшін өте маңызды, – дей келіп, қала әкімі Төлеген Закариянов облыс орталығының есепті кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне, қол жеткізілген табыстарға нақтылы мысалдар келтіре отырып, жан-жақты тоқталды. Бүгінде қаламызда 208 мың тұрғын бар, ал олардың экономикалық белсенділеріне келсек, 56 пайызды құрайды. Қалада бір адамға шаққанда күнкөріс минимумының мөлшері 2013 жылы 15 527 теңгені құрады. Орташа айлық жалақы – 86 711 теңге көлеміне жетті.
Экономикамыздың тұрақты дамуы алға басуымызға негіз болып отыр. Облыс орталығында іргелі өнеркәсіп кәсіпорындары өткен жылы 99,3 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Осы жоғары көрсеткіш ондағы қала үлесінің 65,3 пайызын құрайтындығын білдіреді.
2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде қалада 2010-2013 жылдары 6,6 миллиард теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылды.
“Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасына келетін болсақ, оны жүзеге асыру барысында 34,4 шаршы метр тұрғын үй салынып, 400 петропавлдық отбасы қоныстойларын тойлады. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС өнімділігі жылына 66 мың текше метр темір-бетон бұйымдарын шығаратын Үй құрылысы комбинаты құрылысының жобасын іске асырады. “Алаугаз – СК” ЖШС жылына 3,6 миллион дана керамикалық кірпіш шығаратын зауыт құрылысының жобасын іске асыруды аяқтау үстінде.
Тиісті бағдарламаға сәйкес ескі, аз қабатты үйлер мен барак тұрпатты үйлерге тексеру жүргізу жоспарлануда. Мұндай тұрғын үйлер бұзылып, олардың орнына 5 қабаттан 16 қабатқа дейінгі блок-секциялар салу да алдағы уақытта қолға алынбақ.
ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылған 2 жылда қыруар жұмыс атқарылды. Оған қаламыз бойынша 1340,0 миллиард теңгеге 95 үй қатысты. Ал үстіміздегі жылы 780 миллион теңге көлеміндегі қаражатқа 39 көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеу жоспарланып отыр.
Кездесу барысында Төлеген Закариянов 2013 жылғы есепті кездесуде түскен өтініштер мен сын-ескертпелердің орындалу барысына тоқталып, олардың көпшілігіне нақтылы жауап берді. “Халықтан биік сыншы жоқ” дегендей, тұрғындардың мұң-мұқтаждарының қандай деңгейде орындалып жатқаны таразыланып, кез келгені көзден таса, көңілден тысқары қалмайтынын да қала басшысы осы басқосуда қадай айтты.
Жалпы алғанда, қалалық шаралар жоспарына өткен жылы 255 тапсырма енгізілген, солардың 243-і орындалған. Тұрғындар тарапынан 58 ұсыныс пен сын-ескертпе жасалған болса, 52-сі орындалған. Орындалмаған 6 аманат 2014 жылдың шаралар жоспарына енгізілген. Олар да кешікпей жүзеге асырылмақ.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.